Келіннің сәлем салуы – Аллаға серік қосу емес

Иә, бұл тақырыпқа бірнеше рет нүкте қойылғандай болғанымен, әр кез сайын қоғамда қайта көтеріліп жатады. Тіпті, былтыр танымал айтыскер-ақын Балғынбек Имашевтың өзі де келіннің иіліп сәлем салуын дінге қайшы деп айтып қалған еді. Бірақ, артынша бүкіл қазақ қоғамы оны сынның астына алып, ақыры Имашев сөзін басқа мағынада айттым деп қашып құтылды.

Сол Балғынбек секілді дәстүрлі емес дін ұстанушыларының барлығы дерлік келіннің сәлем салуын «ширік» деп жүр. «Адам тек құдайдың алдында ғана иілуі керек, адамға сәлем беруі – Аллаға серік қосуы» дейді сәләфтар. Жалпы, олар тек сәлем салғанға емес, қазақтың барлық дәстүріне қарсы екенін бұған дейін де айтқан болатынбыз.

Сөзіміз дәлелді болу үшін оңтүстікқазақстандық танымал дінтанушы-ғалым Алау Әділбаевтың осы мәселеге қатысты айтқан пікірін назарларыңызға ұсынып көрелік.

- Иә, қазір расымен де «діндарлар» арасында келіннің сәлем салуына қарсылық танытып жатқандар көп. Салдарынан қоғамда түрлі пікір қайшылықтары орын алуда. Тіпті, отбасында дау-жанжал туып, талай шаңырақтың берекесі де кетті. Ал, мұны бастаған кімдер? Тағы сол шетелде оқып келген өзіміздің жастар. Расында, біздің ата-баба дәстүрі ешқашан дінімізге қайшы келген емес. Оны үлкен ислам ғалымдарының өздері де мойындайды. Соған қарамастан, ұлты өзге біреудің қазақтың дәстүрлеріне қатысты айтқан пәтуаларына сеніп, өзіміздің жастар өзімізге қарсы шығып жүр. Келіннің сәлем салуы исламға еш кереғар келмейді. Мұны ҚМДБ ресми мәлімдеп, өз сайтына іліп те қойған. Бірақ, біздің уахабилік идеологияны ұстанатын жастарымыз ҚМДБ имамдарына емес, айдаладағы ұлты басқа шетелдіктің айтқанын тыңдап, соған иланып жүр.

Сәлем салу дінде де бар. Мәселен, періштелердің бәрі Адам атамызға иіліп сәлем берген. Сондай-ақ, Жүсіп пайғамбарға да бауырлары иіліп сәлем берген. Демек, бұл Аллаға серік қосу дегенді білдірмейді. Егер сәлем салу ширк болса ендеше Жаратушының өзі періштелерге Адам атаның алдында сәлем сал деп бұйырмас еді ғой... Сондықтан, қаракөздеріміз адаспаулары тиіс, дәстүрлі исламнан өзге бізде тура жол жоқ», - дейді А.Әділбаев.