«Әминдi» дауыстап айту абзал ма, әлде...?

Мұсылман жамағаттың арасында қызу пікірталасқа негіз болып, бір-бірін кінəлауға дейін алып баруға негіз болған тақырыптардың бірі – намазда «əминді» іштей айту мəселесі. Əсілінде, бұл – мəзһаб имамдарының ұстанымдарын дұрыс білмеуден туындаған асығыс шешім. Бұл мəселе фиқһ кітаптарында кең талқыланған əрі қазіргі таңда біздің оқырмандар үшін қазақ жəне орыс тілдерінде жарық көрген бірқатар əдебиеттер бар.

Негізінен «Фатиха» сүресінен кейін «əминді» айтудың сүннет екендігіне ғалымдар бір ауыздан келіскен. Алайда «оны дауыстап айту абзал ма, əлде іштен айту абзал ма?» деген мəселеде түрлі көзқарастар алға тартқан. Шафиғи мен ханбали мəзһабы ғалымдары дауыстап оқылатын намаздарда имам əрі оған ұйыған жамағат сырттай айту қажет десе, ханафи мен мəлики ғұламалары іштей айтуды абзал деп тапқан.

Өкінішке қарай, өзге мəзһаб өкілдері жəне өздерін мəзһаб ұстамаймыз деп санайтын псевдо-сəлəфилер өз дəлелдерін ғана бір жақты ұсына отырып, ханафи мəзһабын əлсіз етіп көрсеткісі келеді. Сондықтан біз олардың дəлелдеріне тоқталып жатпастан, ханафи мəзһабының сүйенген дəлелдеріне қатысты қысқаша ғана қорытындылай кеткенді жөн санадық.

Негізінде, ханафи мəзһабы дəлелдерге немқұрайлы қарамаған, керісінше дəлелдердің ең сенімдісін таңдауды жөн санаған. Бəзбіреулердің айтып жүргеніндей, «ханафилер əхл əр-рəй, көбіне ақылға сүйенген» деген көзқарас негізсіз. Құлшылыққа қатысты тақырыптар ақылға емес, аят-хадистерге негізделеді. Бұл мəселе ханафи мəзһабында айқын. Сондықтан бірінші кезекте əрдайым Құран аятына мəн беріледі, екінші кезекте мутауатир хадистерге, үшінші мəшһүр хадистерге жүгініледі. Сонымен қатар, ханафи мəзһабы құлшылыққа қатысты тақырыптарда ақылға салып талқыламастан бұрын сахабалар сөзін де сүннеттің шеңберінде қарастырады. Тіпті табиғиндердің сөзін де дəлелге санайды. Міне сəлəфтің жолын ұстану деген нағыз осы болса керек. Ал енді ханафи ғалымдарының көзқарастарын негіздеген дəйектеріне тоқталайық:

Біріншіден, «Əмин» сөзі дұға болып саналады. Cахих Бұһари кітабында «əминге» «дұға» деп түсінік берген. (Имам Бұһари. 1-т., 107-б.). Ал дұғаны қалай жасау керектігіне қатысты Құранда былай делінген: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 55 аят). Осы аяттан «əминді» іштен айтудың абзал екендігін байқаймыз. Сонымен қатар, Мəриям сүресінің аятында да «Бір кездері ол (Зəкəрия) раббысына құпия түрде жалбарынған еді» делінген. Оның үстіне «Əмин» сөзі Құран аяты емес екені мəлім. Ал «Əғузу биллəһи минəш шəйтонир ражим» деген Құранда бар жəне оны Құран оқығанда айту уəжіп саналады.

Солай бола тұрса да «Əғузу биллəһи минəш шəйтонир ражимді» намазда ішімізден айтамыз. Олай болса, не үшін «əминді» дауыстап айтуымыз керек?! (М. Садық. Талас-тартыстар, 54- б.) Сонымен қатар намазда «Сүбхана раббиялағла», «Субхана раббиялазим», «Субханака», «əт-Тəхият» секілді басқа барлық дұғалардың іштей айтылатындығы да «əминнің» құпия айтылуына қосымша дəлел саналады.

 Сонымен қатар, «əминді» іштей айтудың абзал екендігіне қатысты пайғамбарымыздан жеткен бірнеше хадистер де бар. Мəселен, Уəйл ибн Хужр (р.а.) пайғамбарымызбен бірге намаз оқып, «ғайрил мағбуди алейһим уə лəд- доол лин» деген жерге келген кезде даусын бəсеңдетіп «əмин» дегенін жеткізеді (Зəй лəғи. Насб əр-райя, 1-т/ 494-б.). Имам Шұғ ба да пайғамбарымыздың «əминді» іштен айтқандығын жеткізеді (Ахмад ибн Хан бал. Муснад, Хаким əл-Мустадрак. 2/233 Əбу Дəуідттің хадистер жинағында Əбу Һурайрадан (р.а.) келіп жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ғайрил мағдуби ғалəйһим уəлəддалин» аятын оқығаннан кейін, бірінші саптағы оған жақын тұрған адамға естілетіндей етіп «Əмин» дейтін» делінген (Əбу Дəуіт, Бабут тəмин уəрəл Иман – №934 хадис).

Міне, осы хадистен пайғамбарымыздың «əминді» жақын тұрған кісі ғана еститіндей етіп айтқандығына нақты көз жеткіземіз.

Хасаннан (р.а) келіп жеткен хадисте Самура ибн Жүндуб (р.а) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) екі сəктаны (бір шама үнсіз тұруды) тəкбир тахриманы айтқанда жəне «ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» қырағатынан соң қолданғандығын бяндайды. (Хадис Əбу Дəуіттің жинағында келген. Ибн Хажар оның тізбегін жақсы жəне сахих деп бағалаған. Таханауи. Илаус-сунан, 2-т., 248-б.). Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз бастағандағы тəкбір айтудан кейін де, «Фатиха» сүресін оқып болғаннан кейін де біршама үнсіз тұруды əдетке айналдырған (М. Садық. Талас-тартыстар, 55-б.).

Имам Мүслимнің хадис жинағында келген бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Имам (рүкүғтан түрегеліп жатып) «Сəмиғаллаһу лиман хамидаһ» дегенде сендер «Аллаһумма Раббəнə лəкəл хамд» деп, айтыңдар. Егер кім де кімнің сол айтқаны періштелердің айтқан сəтіне сəйкес келсе, оның өткен күнəлары кешіріледі» деген (Сахих Мүслим. Китаб əс-Сала, №409-хадис; Термези ,1/272-бет, №267 хадис). Ешбір мəзһабта рүкүғтан тіктелген кезде «Аллаһумма Раббəнə лəкəл хамд» деген хадисті негізге алып, жария айтпайтыны белгілі. Сондықтан, «əмин» дұғасын да іштен айтқан абзал (А. Қасым, 55-б.).

Сахабалардың да «əминді» іштей айтуы негізгі дəлелдердің қатарына жатады. Егер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) əминді əрдайым жария айтқанда Омар, Əли, Ибн Мəсғуд секілді белгілі сахабалар іштен айтпас еді. Əбу Саид «Омар да, Əли де «бисмиллаһир-рахманир-рахимді» жəне «Əминді» жария айтпайтын еді» деп риуаят еткен. (Ибн Жарир əт-Табари, Тəһзибул-əсар. Бұл риуаятты жеткізген рауилердің бəрі сенімді. Тек Əбу Саид əл-Баққал мудаллис ретінде аталғанымен, сенімді болып табылады. Ал сенімді мудаллистердің риуаяты Ибн Хажар секілді бірқатар хадис ғалымдарының пікірінше дұрыс деп бағаланады (Қ. Жолдыбайұлы. Дін мен діл, 1,51-б.). Жоғарыда ханафилердің табиғиндерден келіп жеткен риуаяттарды да негізге алатындығын атап өткен едік. Имам Абдурраззақ та өзінің «əл-Мусаннаф» атты кітабында жəне Имам Мухаммед «Китаб əл-Əсар» атты кітабында əйгілі табиғин, ханафи мəзһабының негізін қалаған ғалымдардың бірі Ибрахим əн-Нахаидің былай дегенін жеткізеді: «Мына бес нəрсені имам іштей айтады: «Субханака Аллаһума», тағаууз, «бисмиллəһ», «əмин», «раббана лəкəл хамд» (Таханауи. Илау сунан, 2-т., 247-б.)

Негізінен ешбір хадисте пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «əминді» дауыстап айтыңдар» деген нақты, күмəнға негіз қалмайтындай түрде айтқан сөзі жоқ. Ал имам Бұһари мен Мүслимнің хадис жинақтарында келген. Тек «Имам «Уəлəддаллин» деген кезде «əмин» деп айтыңдар» деген хадистер бар. Мəселен Имам Бұһаридің хадис жинағында Əбу Һурайрадан келіп жеткен «Имам «Ғайрил-мағдуби алайһим уəладдаллин» деген кезде сендер де «əмин» деңдер, кім де кімнің «əмин» деуі періштелердің «əмин» деуіне дəл келсе, жасаған күнəлары кешіріледі» деген хадис бар (Бұһари/1-108).

Ханафи ғалымдары хадистегі имамның «əмин» деуін былайша түсіндірген. «Əмин» сөзін имам жасырын айтпайтын болса, пайғамбарымыздың имамның да «əмин» дейтінін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Яғни, періштелер мен имамның «əмин» деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «себебі, періштелер «əмин» дейді, имам да «əмин» дейді» деп, олардың да «əминді» айтатындығын білдіріп тұр. Бұл хадисте «жəрия айтады» деген сөз жоқ. Сондықтан бұл хадис əминді жария айтуға тікелей дəлелге саналмайды. Оның үстіне, имам айтқан дұғалардың бəрін дауыстап айту керек болса, оның келтірген тəкбірін (Аллаһу əкбəр), тəсмиғын (самиъаллаһу лимəн хəмидəһ), тəслимін (əс-сəлəму ғалейкум) дауыстап айту керек болады. Себебі, сахаба Əбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сөзсіз имамға ұю керек. Егер имам, «Аллаһу əкбар» десе, сендер де солай айтыңдар. Ал, қашан Құран оқыса, (намазда) тыңдап тұрыңдар!» деген (Дарақутни. Сунəн. Имамға ұйю бөлімі, 2/115, № 1243 хадис (Сахих). Бірақ, бұл хадистегі бұйрыққа сүйеніп, имамға ұйыған ешкім «тəкбірді (Аллаһу əкбəрды)» жария айтпайды.

Рас, кейбір риуаяттарда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «əминді» көтеріңкі дауыс пен айтқандығы баяндалады. Алайда, Алла елшісі (с.ғ.с.) мұны артта тұрған жамағатқа үйрету мақсатында айтқандығын мына риуаят растайды. «Əбу Сакан Хужр ибн Анбас əс-Сақафи: Уайл Ибн Хужр əл-Хадрамидың былай дегенін естідім: «Пайғамбарымызды намазды тəмамдағаннан кейін көрдім, тіпті, Оның (с.ғ.с.) жүзін мына жағынан да, ана жағынан да көре алдым. Ол (с.ғ.с.): «ғайрил мағдуби алайһим уəладдаллин» деп оқығаннан кейін «əмин» деп даусын созды. Мен мұны тек бізге үйрету үшін жасады деп ойлаймын». (Мухаддис Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 2-том, 237- бет. Бұл хадисті риуаят еткен кісілердің бəрі сенімді. Тек Иахия ибн Саламаны бірқатар ғалымдар əлсіз десе де, Хаким, Ибн Хиббан секілді хадис ғалымдары қуатты деп бағалаған). Пайғамбарымыз «əминді» дауыстап айтты деген негізгі хадистерді осы Уайл Ибн Хужрдың риуаят еткенін ескерсек, ханафи ғалымдарының «үйрету мақсатында» айтуы мүмкін деген сөздерінің қаншалықты негізді екенін аңғаруға болады (Қ.Жолдыбайұлы. Дін мен Діл, 1, 51-б.).

Псевдо-сəлəфтар өздеріне пір тұтқан Насруддин Əлбани да «əминді» дауыстап айтуға қатысты келген хадистердің əлсіз екендігін атап өткен (Əлбани. Тəмəмул- минна фитта’лиқ ала фиқһ ас-сунна, 177-бет.)

Сонымен қатар, уахабшылдардың негізгі шейхтарының бірі Ибн Бəз мақсаты басқа болса да «Да, если человек среди людей, которые не поднимают руки и не произносят слово «Аминь» вслух. Предпочтительнее этого не делать, чтобы объединить сердца. И чтобы этот человек мог призывать их к благому, чтобы он мог обучать их и указывать на правильный путь» деп бүлікке жол ашпауға шақырғанын да айта кеткен жөн. (Фатауа аш-шейх Ибн Баз. Т. 29. С. 274- 275) http://sunna.press/article/shejh-ibnbaz-kogda-amin-v-namaze-proiznositsjavsluh-a-kogda-pro-sebja/

Əсілінде, ғұламалардың арасында орын алған пікір қайшылықтарын қарапайым жамағат арасында талқыға салып, өз дəлелдерін ғана ең дұрыс санап, жергілікті мешіт жамағатын айыптау – дінге жанашырлық емес. Өздерін «сəлəф» деп атап жүрген уахабшылдар көбіне діннің тазалығын ойлап дəлел сұраған болып жатады. Алайда оларға дəлел келтірсең, тек өздері мойындайтын шейхтарының ғана көзқарастарына жүгініп, ақиқаттан қашқақтайды. Сондықтан да дінге жанашыр, тақуа көрінген бауырларымыз діннің ең негізгі емес, сүннет саналатын мəселеге бола дабыра көтеріп, қырық пышақ болғанша һəм діни əрі азаматтық тұрғыдан парыз болып табылатын бірлік пен берекені бірінші кезекке қойғаны абзал. Қазіргі таңда діни тіршілігімізде орын алып отырған ала-құлалықтар мен өшпенділіктердің барлығы мəселенің астарында таза діни емес, идеологиялық жəне саяси себептердің жатқандығын көрсетеді.

Əйтпесе ғасырлар бойы ата бабаларымыз ұстанып келген, ислам өркениетінің дамуына үлес қосқан ең ірі құқықтық мектептердің бірі саналатын ханафи мəзһабының мол мұрасын жоққа шығарып, шариғат ілімдерінде пəтуа айтуға ілімі де, құқы да жоқ кісілердің ғана айтқанымен жүру ақиқатты іздеуге жатпайды. Мұның қандай нəтижеге алып баратынын бəріміз көріп, біліп отырған жоқпыз ба?!

Сондықтан мұндай бөлінушілікке жол ашатын тақырыптардан алшақ жүріп, сыйластық пен төзімділік таныту асыл дініміздің пайдасына шешілмек.

Алау ƏДІЛБАЕВ,

исламтанушы, ОҚО