Қазақстанда салафизмге тыйым салынуы мүмкін

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі салафизмге заң аясында тыйым салуды қолға алмақшы. Бұл туралы министр Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

«Кейбір деструктивті діни ағымдарға, соның ішінде салафизмге заң аясында тыйым салынбауы – мемлекет ұстанымының терістігі, оларға қарсы ешбір шара қолданбай отыр дегенді білдірмейді. Қазан айында жарияланған министрліктің ресми ұстанымын мұқият оқып шығар болсақ, онда азаматтық қоғам мен мемлекеттің органдардың деструктивті діни ағымдармен бірлесе күресуі керектігі айтылған. Ол үшін біздің бүгінгі заңда кедергі жоқ», – деді Нұрлан Ермекбаев Астанада өткен дін өкілдерінің форумында.

Оның пікірінше, теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салғаннан гөрі мемлекет пен қоғамның бірлесе жүргізген күресі тиімдірек.

«Егер бірлесіп жүргізген күрес өз нәтижесін бермесе, онда біздің министрлік салафизмге сот арқылы тыйым салу мәселесін көтеретін болады», – деді ол.

Министрдің айтуынша, бүгіннің өзінде елде жүріп жатқан ақпараттық түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін бере бастаған.

Айта кетейік, түсіндіру жұмыстары Оңтүстік Қазақстан облысында да қарқынды жүргізілуде. Ресми статистикаға сүйенсек, өңірде тіркелген дәстүрлі емес ислам ұстанушыларының, яғни салафизм идеологиясын қолдаушылардың саны үш мыңға жуықтайды екен. Дегенмен, бұл нақты көрсеткіш емес. Олардың саны ресми цифралардан әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ мамандары.

Аталған орталық жат ағымның жетегінде жүрген жастармен және экстремизм үшін түрмеде жазасын өтеп жатқан сотталушылармен кездесулер өткізіп, олардың дәстүрлі ислам ұстанушылары қатарына оралуына күш салуда.

В статье: