Дін мен ғылымды үйлесімділікке шақыратын уағыздардың айтылуы маңызды

Дін мен ғылымның арақатынасы – қарама-қайшы көзқарастарға толы күрделі тақырыптардың бірі. Бір топ ғалымдар олардың арасында ешқандай қайшылық жоқ десе, тағы бір тобы бұл екі ұғым-категориялар арасында қашанда қайшылық болып келгенін көрсетеді. Бұл әрине, пікірлердің рлюрализмі. Плюралистік ой-пікірлердің қоғамда болуы заңды құбылыс. Діннің негізі – сенім. Ғылымның негізі – білім мен тәжірибе. Діннің қызметі сенімді күшейту арқылы ізгі амалдарды арттыру. Ғылымның қызметі – тәжірибелер мен зерттеулер арқылы адам өмірін жақсарту, жеңілдету. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Аллаға сенімі. Сол арқылы қайырымды, иманды қоғам құруға ұмтылу.ғылымның мақсаты – ғылыми-техникалық прогреске ұмтылу, сол арқылы адамға, мемлекетке пайда келтіру. Дін мен ғылым санаға әсер ететін категориялар. Екеуінің де болмысы бір болып көрінгенімен, бірақ сана бұл екі категорияны бірдей қабылдай бермейді. Дін мен ғылым бір-бірінен ажырамас категориялар дейтіндер – догматиктер. Догма деп дәлелдеусіз, зерттеусіз тексерілмей ақиқат ретінде қабылданатын қасаң қағиданы айтады.

Сана – қоғамдық және жеке болып бөлінеді. Жеке сана ғылымға қарсы, прогресшіл және кертартпа, қарапайым және бүлікшіл болып кете береді. Қазіргі Қазақстан қоғамында үстемдік етіп тұрған сана – прагматизм. Прагматизм принципі іргелі ақиқатты іздестіру қажеттігін мойындамайды немесе оған бағынбайды. Ол ақиқаттың практикалық нәтижелеріне көңіл аударып, оның құндылығын бағалайды. Прагматиктер шындыққа адал болуды жақтайды, бірақ дінге қарсы сын айтпайды. Яғни, адамның кез келген іс-әрекетінен пайда табуға, бай болуға, беделді болуға баулиды. Өз кезегінде оның қайырымды да болуына аса мән беретін субъективті-идеалистік түсінік.

Кейбір діншілдердің дін мен ғылымды байланыстырғысы келетін догмалық насихаттары бүгінде ғалымдарды, мұғалімдерді, жалпы көзі ашық адамдарды жалықтырады. Сонымен, догмалық насихат деп қандай тақырыптарды айтамыз?

Айталық, әл-Фарабидің философиялық еңбектері ислам дінінің қағидаларын дамытқан терең мағынада емес, ол батыс пен шығыс ойшылдарының ғылыми мұрасын дамытқан өзіндік философиялық трактаттар. Әл-Фарабидің еңбектерін исламның дамуына жол салған ғұламалар өз зерттеулеріне негіз етіп алмайды. Әбу Әли ибн Синаның медицина ғылымындағы жетістігіне өзінің жеке тәжірибелері мен ізденістері арқылы жетті. Бируни туралы да осыны айтуға болады. Астронавт Нейл Армстронгтың мұсылман болмағандығы белгілі. Оны «ислам дінін қабылдады» деп қайта-қайта әр жерден оқып, неліктен есіте береміз? Оның діни көзқарасы атеист екені белгілі емес пе? Ол өзін мұсылманмын, христианмын, тіпті буддистпын деп те айтып жүре берді.

Әйгілі физиктер, Нобель сыйлығының лауреаттары Б.Нильс, М.Планк, В.Гейзенберг және басқа да бірқатар атақты физиктер дін мен ғылымның ұдайы үйлесімділікте болғаны дұрыс деп есептейді. Көптеген дін уағызшылары осылай етсек, дінге сенушілер мен ғалымдар арасында толерантылықтың орнайтынына көз жеткізген. Ал, орта ғасырларда мұндай толеранттылық болмайды. Оған дәлел, Коперник, Галилей, Дж.Брунолар «еретиктер» ретінде тірідей отқа жағылды. Рим католик шіркеуі қоғамда ғылыми көзқарастың болуына жол бермеді.

Сол уақыттан бері не өзгерді? Озық ойлы христиан әлемі дін мен ғылым арасындағы «қақтығысты» түбегейлі жойды. Католик немесе протестанттық шіркеулер болсын дамудың, өмірдің деңгейін көтерудің кілті ғылымда екендігіне көздері жетті. Олар ғалымдарды және ғылымды барынша қолдау көрсетуге шақыратын уағыздарды үнемі айтуға үндеді. ХХ ғасыр ғылымға бет бұрған батыс және шығыс әлемін өмір сүрудің жаңа деңгейіне көтерді.

ХХ ғасыр исламдағы радикалшыл көзқарасты, экстремист «бүлікгілерді» бұрқ етіп шығарды. Олар ғылым мен ғалымды дәріптейтін қоғамнан гөрі «ортағасырлық томаға-тұйық» уағыздарды айтуда. Сол кертартпа ағымдар қазақ қоғамына да жетті. Бүгінде олардан түбегейлі бас тартып, өмірді жаңа сапаға көтеретін жасампаз еңбек пен өмірге құштарлыққа бастайтын уағыздарды тыңдағымыз келеді.

Б.Айтай, дінтанушы

ОҚМПИ-дің аға оқытушысы