Cабырлы болу дегеніміздің өзі кез-келген өмір белестерінде кездесетін қиыншылықтарға шыдау, өзін-өзі ұстау дегенді білдіреді. Сабыр ету- адам жаратылысындағы ең ауыр және ең қиын уақыттарда нәпсіге ие болу болып табылады. Негізінде «Сабыр» мән-мағынасынтүсінужағынан, көлемдіде, өтемаңыздытақырып.
Алла Тағала Құран Кәрімде сабыр турасында жетпістен астам жерде насихаттайды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде де сабыр жайлы көптеп айтылған.
Бәрімізг мәлім,Құрандағы «Алла сабырлылармен бірге» деген аят пен «Сабыр – діннің жартысы» деген хадистің адам баласының жүрегіне әсер етпеуі мүмкін емес.
Иә, шынында сабыр адам баласына ғана тән сипат. Өйткені періштелерде және хайуандарда сабыр болмайды. Періштелерде сабыр болмауының себебі: оларда нәпсі болмайды. Ал хайуандарда ақыл болмағандықтан олар ойланып, толғанбайды, яғни сабырды қажет етпейді. Сол себепті сабыр бір жағынан адамға берілген емтихан болса, екінші жағынан мүмкіндік екенін ұмытпауымыз керек.
Алла Тағаланың әміріне бой ұсынып, иман келтірген адам күнәлардан бет бұрып, сауап іс істеп, нәпсісін жеңу үшін барынша тырысып, сабырлылық танытуы қажет. Кез-келген адамға әдетке айналған күнәларды тастау, нәпсісіне өте ауыр келеді. Сол себепті адам баласы сабырға өте мұқтаж. Негізінде сабырды төртке бөліп қарастыруға болады:
Құлшылық етуде, яғни ғибадаттарда сабыр ету.
Құлшылық етуде ең әдемі сабыр үлгісін адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыздан (с.а.у.) асқан ешқандайда пенде жоқ. Құлшылықтың түрі өте көп, сонымен қатар олардың барлығы да өте маңызды. Қазіргі уақытта біздің ортамызға ең қажетті болып отырғаны намаз және дұға. Намаз арқылы адам жаман әдеттерінен арылып, жақсы әдеттерді бойына сіңіреді. Ал дұға арқылы алдынан және артынан келе жатқан жаман нәрселерге тосқауыл болады. Яғни, қысқаша айтқанда «Дұға мұсылманның қаруы» да, қорғаны болып табылады.
Құран Кәрімнің«Бақара» сүресінің 153 –ші аятында: «Ей мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге», - деп бұйырады.
Негізінде көпшілігіміз ақыретте ең бірінші намаздан сұралатынымызды жақсы білеміз. Алайда осыны терең ойланамыз ба?
Көбінде адам баласы дүние күйбең тіршілігіне беріліп, намазын оқымақ түгіл, есіне де алмайды. Мұның ең қорқынышты жері - нәпсінің жетегіне еру. Ал нәпсіні сабырдан басқа ешкім жеңе алмайды. Сабырлы болу үшін кәміл иман қажет. Олар бір-бірімен ұштасып жатады. Өйткені жас уақытта істеген қандай да бір ізгі амал, тасқа қашап жазу жазғандай болады. Яғни, оның өшуі өте қиын. Алайда осы сөзді іске асырып жатырмыз ба? Ол бір Аллаға аян. Намаздың өзін бірде оқып, бірде оқымай немесе біліп тұрып уақытым жоқ, әлі жаспыз ғой-деп өзін-өзі алдау немесе жұбату қазіргі таңда таңсық емес дүние. Ғибадат жасты немесе уақытты талап етеді ме? Жоқ, әрине.
Намаз, құлшылық мәселелерін сөз етіп отырғандықтан соларға қатысты мына хикаяны келтіре кеткенді жөн санаймыз.
Ертеде Мұса (ғ.с.) пайғамбардың заманында бір әйел келіп, өзінің үлкен күнә істегенін айтады. Мұса пайғамбар мұны естіп «Шық, кет», – деп бұйырады. Сол кезде Жәбрірейіл (ғ.с.) періште келіп былай дейді: «Күнәнің одан да ауырын көрмедің бе?», - деді. Мұса (ғ.с.) таңырқап «кандай», - деді. Жәбрайыл (ғ.с.) «Себепсіз намазын тастаған адамның күнәсі одан да ауыр», - деп сөзін аяқтайды.
Бұл жерде намазды оқымауға себеп бар екен деген түсінік емес, керісінше сыныққа сылтау іздеместен, намазымды қалай толықтырсам екен деген ой әр адамның санасында, жүрегінде болу тиіс. Бір намаздың өзінен осынша күнә арқалап жатсақ, ақыретке дайындығымыздың қаншалықты болғаны толғандырады. Алланың рахметіне бөлену үшін әрнәрсеге сабыр арқылы қол жеткізетініміз анық.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бірхадисіндебылайдейді: «Кімде-кім сабырлы болуды қаласа, Алла оған сабырлылық күшін береді. Сондай-ақ ешкімге сабырдан да хайырлы нәрсе бермеген».
Адам баласы істеген жақсылығының жемісін дереукөргісі келеді. Өкінішке орай, оны аз уақыт ішінде көрудің мүмкіндігі шамалы. Қалайша біз көктемде еккен егініміздің жемісін уақыты келмей жей салмайтын болсақ, сабырдың жемісі де солай.Дүниеде бұл жемісін бермесе, ақыретте өз жемісін берері анық. Құран Кәрімнің «Шура» сүресінің 43-ші аятында: «Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің маңыздысы осы», - делінген.
Күнә істеуден Аллаға қарсы шығудан аулақ тұруға тырысу және бұған сабыр ету.
Адам болғаннан соң қателеспейтіні болмайды. Күнәнің үлкені болсын, кішісі болсын, істеген адам артынан өкініп жатады. Кейбіреулер дер кезінде тоқтамға келсе, кейбірі ой түгіл пікіріне де кірмей, керісінше істеген күнәларын мақтаныш етіп айтып, сөз етіп жүреді. Нәтижесінде күнә үстін-үстіне жазылатынын ұқпаса керекті. Дәл осындай жағдайда сабырдың алатын орны бөлек.
«Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте», -демекші, әрине бір үйренген нәрсені кірпіштей қалап кету мүмкін емес, бірақ соған талпынып, «жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп», амал етіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Құран Кәрімнің «Юсуф» сүресінің 90-шы аятында былай деп бұйырады: «Шын мәнінде кім Алладан сақсанса, сабыр етсе, күдіксіз Алла жақсылық істеушілердің еңбегін зая қылмайды».
Нәпсіге қарсы сабыр екенін Аюб (ғ.с.)-ның мына бір әдемі шыдамының шегін айтпай кету мүмкін емес. Аюб (ғ.с.) Алладан келген емтиханның қарсылығында сабыр ету арқылы, соңында денсаулығы да, байлығы да өз орнына келді. Сондай-ақ, ертеде Хусейн деген жас жігіт, ерте үйленіп, көп ұзамай басқа елге ілім ізденіп жол жүріп кетеді. Содан 20 жыл ел аралап білім алады. Содан еліне қайтпақ болып, жолға шығады. Ел аралап қайтар жолда, үлкен ақсақал кісіге жолығып, үйінен дәм ауыз тиеді. Сонда ақсақал жөн сұрасып отырып, мән-жайға қанық болған соң Хусейннен ілімнің басы неде? – деген сұрақ қояды. Оған Хусейн: «Бисмилләһта», – деп жауап береді. Ал, қария оған «жоқ», - деді. Хусейн: «Фатиха сүресінде» – дейді. Қария тағы да «жоқ» денп кеседі. Хусейн үшінші рет: «Насара – янсуруда», – дейді.Қария:тағы да «жоқ», - деп, сосын «мен саған білімнің басы неде екенін маған осы жерде қалып, қызмет көрсетсең айтамын», – дейді. Хусейн келіседі. Содан Хусейн оған қызмет жасап, арада 6 ай өткенде, әлгі қария Хусейнді шақырып алып: «Ілімнің басы - сабырда» - деп жауап береді. Сонда Хусейн «мен білмейтін нәрсе болса, үйренермін деп күткен едім», – деп ашуланады. Сонда қария: «Сен сабыр турасында көп нәрсе біліп, уағыз айтуың мүмкін. Бірақ, сен сабыр етуді білмейсің. Мен саған сол сабырды үйреттім», - деген екен. Содан оқымысты Хусейн үйіне қайтады. Ауылына ақшам намазы уақытында жетеді. Әлгінде өзінің ауласына жақындағанда дәрет алып, кіріп – шығып жүрген жас жігітті көреді. Ойына жаман нәрсе ойлап, қарияның айтқаны есіне сап ете қалады. «Қой, ертең азанда анық-қанығын білермін», - деп сабырға келеді. Таң намазы уақытында мешітке барса, әлгі жігіт имамдық қызметін атқаруда екен. Содан сол жердегі адамдардан бұл жігіттің кім екенін сұрағанда, өзінің 20 жасар ұлы болып шығады. Сонда Хусейн Аллаға шүкіршілік етіп, өзін күнәдан нәпсісін тыйғанына қатты қуанады.
Құран Кәрімнің«Әл-Имран» сүресінің 200-ші аятында: «Әй, мүміндер! Әр нәрсеге сабырлы, жауға шыдамды және қорғанысқа дайын болыңдар. Сондай-ақ Алладан қорқыңдар, әрине құтыларсыңдар», - делінген.
Құлшылық етуге кедергі болатын мол байлыққа сабыр ету.
Адам баласына бұл өмірде денсаулық, зор байлық, т.б. көңіл қошы қалаған нәрселер беріледі. Алайда оны көтеретін адам бар, көтере алмай дүние қызығына кенеліп, біржолата ұмытатын адамдар да бар. Қадірін түсініп, түсінбейтіндер жеткілікті. Бұл берілген байлықты дұрыс жолда пайдалануымыз үшін, тағы да сабыр керек. Құран Кәрімнің «Әнфәл» сүресінің 28-ші аятында «Негізінде малдарыңды және балаларыңды сын деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар», - делінген.
Яғни, дүниені өткінші нәрсемен бала-шаға, дүние – мүлікпен сәндегенін ұмытпау керек. Сынақ үшін берілген байлық адамды сабырмен ғана жұмсалса керекті. Бұл байлық дүниеде де, ақыретте де жауапкершілігі өте қиын дүние болғандықтан жазасына жетерлік.
Құран Кәрімнің «Һұмәзә»сүресінде (2/9 аяттар): «Сондай мал жиып, оны санағандарға, негізінде малы өзін мәңгі жасатады деп ойлайды. Әлбетте ол «Хұтамаға» тасталады. Хұтаманың не екенін қайдан білесің? Ол, Алланың жағылған оты, сондай жүректерді шалатын. Расында олар ол отқа қамалады. Ұзын діңгектерге байланады».
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.у) – дан:
«Я, Алла елшісі «Иман» деген не?», – деп сұрағанда: «Сабыр ету және жомарттық жасау», - деген екен.
Машақат, қайғы-қасіретті жағдайларға сабыр ету.
Адамға ең қиын болып көрінетін сабырдың түрі де осы. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай кездеседі. Осы жағдайда тосқауыл болып, дем беретін сабыр. Осы жағдайда Жаратушымызға налуымыздың өзі күнә. Яғни, тағдырымызға қарсы болып, ондай болғанда, мұндай болмас еді-деу артық. Алла үлкен сынаққа алып жатқанын естен шығармауымыз абзал. Басқа түскен қасіретке шыдап, келер күннен үміт күту - мұсылманның ең көркем мінезі болуы керек. Біздің ортамызда көп кездесетін адам өлімі жағдайында, ол басқа түскен жағдайды әркім әрқалай қабылдайды, біреулер соңғы сапарға шығарып саларда қатты налып жыласа, біреулер өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Алайда бұл кезде де ең бастысы Сабырға арқа сүйеу өте қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімнің үш перзенті өлсе, сабыр етіп, сауабын Аллаһтан күтсе, жәннатқа кіреді. Сол кезде «екі перзенті өлсе де ме?», – деп сұрайды. – Ия, - деп жауап береді. «Бір перзент болса ше?» – дегенде, - Ол да дәл солай, - деген екен.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисімен мақаламызды тәмамдағымыз келеді. «Күшті мүмін әлсіз мүміннен артық Алла Тағалаға сүйкімді. Жақсылық алыс емес өзіңе пайдалы іске қызық. Алла Тағаладан жәрдем сұра. Әлжуаздық, нашарлық жасама. Басыңа қайғы түссе-жасыма, зиян тартсаң-өкінбе. Өйткенде бұлай болмас еді, - деп орынсыз өкінбе. Керісінше Алла соны тағдыр еткендіктен солай болды де. Өйткені үмітсіз опыну шайтан ісіне жол ашады».
Сондықтан да «Сабыр түбі – сарыалтын» демекші, әрбір мұсылманға сөзден қарағанда іске мән бергені абзал. Алла бәрімізге сабырлы болуды нәсіп етсін! Әмин.
Жазира ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
ОҚО Төлеби аудандық «Нұр» мешітінің ұстазы