Республика бойынша 67 түзету колониясында терроризм және діни экстремизм бабы бойынша сотталған 400-ден аса азамат жазасын өтеуде.
Ал, осы өзге ағымның жетегінде кеткен бұл азаматтарға дұрыс нұсқау беруді имамдар толыққанды жүргізіп отырған жоқ. Ел имамдарының бір жылдық есебін тыңдаған бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осылай деді. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлап отыр.
Діни басқарма жанынан түрмедегі азаматтарға жол көрсетіп, жөн сілтеу үшін жұмыс істейтін арнайы бөлім де ашылған. Осы бөлімнің әр облыста жауапты өкілдері де тағайындалған. Бірақ түзету мекемесіндегі азаматтарға тыйым салынған кітаптар да таралып кететін көрінеді. Жиын барысында барлық облыстан келген бас имамдардан жат ағыммен жұмыс жасау, халал стандарттау, оқу-ағарту, пәтуа сынды тақырыптарда есеп алынды.
«Қазақстанда 400-ден аса адам отырса түрмелерде, олардың бүгінде 180 бағытынан қайтты. Оның ішінде 80 өзіміздің дәстүрлі дінге бет бұрды. Бұл имамдардың тұрақты жүргізген жұмысы. 2017 жылы қандай жұмыстар жасалу керек. Ол да бекітілді», — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы.
Осы ретте айта кету керек, жыл басынан бері оңтүстікқазақстандық дін мамандары 6 түзеу мекемесінде түрлі кездесулер өткізген. «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ мен мүфтияттың өңірдегі өкілдігі және құқық қорғау органдары бірлесе түрмелерді аралап, жазасын өтеушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, шартты жаза алып, бостандықта жүрген азаматтармен де жеке кездесулер орын алып, жат ағымдардың зауалы туралы баяндамалар оқылды.