Желіде қоғамдық автобус кондукторының ерсі әрекетінің видеосы тарап кетті, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Қазнетті шулатқан видеода қоғамдық тасымалдау мекемесінің қызметкері егде жастағы жолаушыны көкірегінен итеріп, автобусқа отырғызбай қойған сәтін көруге болады. Мұны көрген желі қолданушыларының басым көпшілігі кондуктордың әрекетін заңға қайшы деп, жауапқа тартуын сұрады. Пікір қалдырушылар арасында кондукторды жақтай түскендер де табылды. Айтуларынша, жолаушы спирттік ішімдік ішіп алғандықтан, оны автобусқа отырғызбай қойған. Себебі мас халдегі адам өзгелердің тыныштығын бұзады. Дегенмен келесі бірі видеодан ер кісіні спирттік ішімдік ішіп алған деп айту қиын екенін, себебі кондуктор мен жолаушы диалогында келісімшарт туралы әңгіменің өрбігенін алға тартты. Тағы бір қолданушы қаншалықты деңгейде мас болса да, қоғамдық көлікпен қатынауға заң бойынша тыйым салынбаған деп пікірін білдірді. Айтпақшы, автобустың мемлекеттік нөмірін көрген желідегілер бұл оқиға Шығыс Қазақстан облысында орын алған деген болжам жасады.