Шымкенттік келіншек 8 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келген күйеуіне тоқал іздеп жүр, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы оқырман Замана басылымына хат жазып, таныс келіншектің әрекетіне таң қалыпты.
«Мен күйеуіме тоқал іздеп жүрмін, – деді Жанна. – 21 – 27 жас аралығындағы, қазақы тәрбие алған, ата-енені сыйлай білетін, асты дәмді пісіретін, мінезі сабырлы, салмақты қыз керек. Қарастыра жүрші. Күйеуімді биылдан қалдырмай үйлендіруіміз керек».
Көзім бақырайып, үнсіз қалғанымнан ештеңе ұқпағанымды түсінген Жанна бұл шешімінің себебін ашып айтты» деп жазады басылым. Әрмен қарай оқырман өз хатында күйеуіне екінші әйел іздеген келіншектің ол әрекетінің себебін баяндайды.
«Ербол екеуміздің үйленгенімізге 8 жыл болды. Аллаға шүкір, бақыттымыз. Бір-бірімізге деген сый-құрметімізді білесің, көріп те жүрсің. Бірақ мен оған бала туып бере алмаймын. Себебі денсаулығым жарамайды, бірнеше рет операцияда болғанмын. Жатыр түтікшелерін алып тастаған. Ал Ерболдың жасы 30-ға таяп қалды. Оның да ұрпақ сүйіп, балалы болуға құқы бар. Өзі бұл жайлы ауыз ашып, ләм деп көрген емес. Дегенмен уақыт өткен сайын мен қиналып бара жатырмын. Өйткені қатарларының алды сүндет той жасап, қуаныштарын атап өтіп жатыр, Ербол да ұрпақ сүйіп, баласының маңдайынан иіскеп, тәтті қылығына сүйсініп отырса жараспай ма деген ой менің жанымды жеп бара жатыр» деп келіншектің өмірін баяндайды оқырман. Сонымен қатар автор күйеуін үйлендірмек болып жүрген келіншек бұған дейін бір рет тұрмыста болып, әбден қорлық көргенін, таяқ пен тепкінің астында қалып, бірнеше жыл өмір сүрген оның күйеуі арақ пен есірткіге әуес болғаны туралы айтады. Қорлыққа шыдай алмаған келіншек ақыры күйеуімен ажырасып кетеді. Ол кезде оны екі ұлы болған.
«Қос құлынымды құшақтай қашып құтылмағанымда бұл күнде халім не болар еді, ойлау қорқынышты. Әйтеуір тырбанып еңбек етіп жүріп өз қолым өз аузыма жетті. Балаларым сәл өсіп, өзіме күтім жасай бастадым. Ербол маған сол кезде жолықты. Көңілін білдіргенде есік көрген және балалы жан екенімді айтып, күйеуден көрген қорлығым еске түсіп, жылап қалғанмын. Ербол маған сүйеу болды. Ешкімнен көрмеген қолдауды, қамқорлықты содан көрдім. Осылай жасымның үлкен болғанына қарамастан біз үйлендік. Оған да сегіз жыл болыпты. Бір-бірімізге деген сый-құрметке қылау түскен емес.
Бізде бәрі бар. Баспана да, көлік те, шағын бизнес те. Тек бала жоқ. Жасанды ұрықтандыру жолымен болса да босанып алар едім, оған жасым өтіп кеткен. Денсаулығым да жарамайды.
Ал Ербол үндемейді. Бала туралы, үйлену туралы сөз қозғаған емес. Бірақ ол үндемеген сайын менің жаным ауырып барады. Ақыры шыдай алмай, бір күні оған: «Анаң болса қартайды. Оған күтім жасап, киімін жуып, дәмді асын әзірлейтін келін керек. Өзіңнің бала сүйіп, тәрбиелейтін, әке болатын уақытың келді. Менің саған еш ренішім жоқ. Көңіліңдегі, ойыңдағы адамың болса, жолың ашық. Мен кедергі болмаймын», – деп ашық айттым.
Осы әңгімені бірнеше рет қозғай отырып, ақыры өзара келісімге келдік. «Өзіңе сырлас дос әрі сіңлі, анама келін, маған жар, ал балама ана болар адамды өзің тап», – деді Ербол. Біз осы бәтуаға тоқталдық. Құда түсіп, қалыңмалын төлеп, сырға салып алып кетеміз. Беташарын да жасаймыз. Тұрмысымызды білесің, таршылық көрмейді. Астында көлік, басында бар жағдайы жасалған баспана болады. Анамызды сыйлап, асын беріп отырса, Ерболды ерім деп құрметтеп, алдынан кесіп өтпесе екен дейміз. Түсінігі бар қыз болса тіл табысып кетеміз деп сенемін. Ол да азаматының бәйбішесі барын мойындауы тиіс. Бар қоятын талабымыз осы. Бала тәрбиесіне өзім көмектесемін, бесігін тербетіп, өзіне сырлас әпке болуға әзірмін», – деді Жанна.
Осылай деген Жанна күйеуіне жар болар лайықты адам табылса, беташарды көпке ұзатпай, қазан айының ортасына дейін өткізгісі келетінін де ескертті» делінген оқырман хатында.