Қазақстандықтарды Мьянмадағы мұсылмандар жағдайы алаңдатып отыр

Қазақстандық желі қолданушылары Мьянмадағы қақтығысқа тап болған мұсылман жұртшылығының тағдырына алаңдап, қайғыларына ортақтасып жатыр, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Фото currenttime.tv

Қолданушылары INSTAGRAM және Facebook желілерінде қақтығыс салдарынан қаза тапқан мұсылмандардың жағдайына алаңдап отыр. Танымал журналист Дана Нұржігіт: «Бирмадағы жантүршігерлік азапты көрдім... Айтарға сөз, атарға оғым жоқ... Холокостты тарихтан білеміз. Көп айтылды. Әлі де айтылады. Ал мынау Холокосттан да бетер садизм ғой!.. Геноцидті тоқтатуға септігім тие ме екен? Білмеймін. Бірақ мына жағдай жаныма батты...» деп жазды.

Белгілі әнші Мейрамбек Беспаев Жаратқан Алладан ғана жәрдем сұрайтынын жеткізді. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева мен әнші Қарақат Әбілдина азаппен өлтірілген мұсылман жұртшылығына өлең жолдарын арнап, оған кінәлілерге «Алланың лағнеті болсын» деген жазба қалдырды. Әнші Сәкен Майғазиев «Я, Раббым! Жазықсыз жандарға, шарасыз балаларға, әлсіз аналарға, қауқарсыз қарттарға қорған бола көрші! Әлемде тыныштық болғай! Бейбітшілігімізді бағалай білейік, бауырлар» деген жазбасымен бөліссе, актер Тәуекел Мүсілім: «Алла қасірет кешкен мұсылмандарға сабыр берсін! Бұл сұмдыққа жол берген жандар тиісті жазасын алсын! Ин ша Алла» деп жазды. Танымал тұлғалардан бөлек қарапайым халық арасында да желі арқылы Алладан көмек пен тыныштық тілегендер санында шек жоқ. Барлығы да #arakan #мьянма #бирма #аракан #prayforrohingya хештегтері бойынша жазба қалдырып жатыр. IБір ғана NSTAGRAM желісінде соңғы тәуліктің өзінде әлем бойынша 100 мыңға жуық қолданушы қақтығысқа тап болғандардың қайғыларын бөлісуде.

Ақпарат ретінде айтар болсақ, жуырда Мьянмада (ескі атауы: Бирма) үкіметтік күштер мен рохинджа мұсылмандары арасында қақтығыс орын алды. Жергілікті билік таратқан мәліметке сенсек, бұл қақтығысқа рохинджа содырларының Аракандағы полиция бекеттері мен әскери казармаға жасаған шабуылы себеп болған. Мьянмада 25 тамыздан бері 90 қақтығыс орын алып, салдарынан 400-ден астам адам өлтірілген.