ОҚО-да балабақша басшысы ақша бермесең, жұмыстан қуамын деп қызметкерлерін қорқытып келген

Оңтүстік Қазақстан облысында басшылардың қызметкерлерін қорқытып, ақша жинау әрекеттері тыйылар емес. Бұл жолы Түлкібас ауданындағы балабақша қызметкерлері бас көтерді. Ал ата-аналар болса, баламыз үнемі аш келеді деп шу шығарды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.

Фото: КТК арнасынан скриншот

«Алтын дән» балабақшасының ұжымынан соңғы 3 жылдан бері маза қашқан. Мекеме басшысы қоластындағы жұмысшыларынан қит етсе ақша жинап, бермегендерін жұмыстан қуамын деп қорқытатын көрінеді. Есепшімен бірге білгенін істеп отыр деген қызметкерлер тіпті бірнеше айлап зейнетақы қорына ақша аударылмайтынын да айтты.
«Комиссия , СЭС келсе ақша жинайды. 3 мың 300-ден жидық. Мың теңгеден жиямыз. Айғайлайды да дөрекі сөйлейді»,- дейді балабақша тәрбиешісінің көмекшісі Мәлика Есенбаева.
Мекеме басшысы тіпті медицина кабинетін ашу үшін де лицензияға деп ұжымнан ақша жинапты. Бірақ балабақшада сырқаттанған балаға бірде-бір дәрі таба алмайсыз. Аспаздар мен санитарлар асханадағы тамақтың жәйін де көрсетті. Ас мәзірінде бекітілген тағам бір бөлек, бүлдіршіндерге берілетін ас мүлдем басқа. Ата-аналар да ұл-қызымыз үнемі аш келеді деп отыр.
«Үшінші жылға кетіп бара жатыр қызым. Аш келеді . Келгеннен тамақ сұрайды,- дейді ауыл тұрғыны Жібек Ораева.
Ал балабақша басшысы бұл айыптаулардың бәрін теріске шығарды. Айтуынша, жоқ жерден дау шығарып отырған еден жуушы, аула сыпырушы секілді бірнеше жұмысшы екен. Ешқандай ақша да жинамадым, дөрекілік те танытпадым деген ол тіпті біресе жылап, біресе дәрі ішіп естен тана жаздады.
«Міндеттеріне дұрыс атқармайды ғой кейде. Содан кейін жақпаймыз. Басшы адам кімге жағады?»,-деді «Алтын дән» балабақшасының меңгерушісі.

Аудандық білім бөліміндегілер болса, балабақшада болып жатқан жанжалдан хабарсыз едік деп ақталды. Енді қысқа уақыт ішінде арнайы комиссия құрып, мәселені май шаммен қараймыз деген олар мектепке дейінгі мекеменің әр қызметкерімен жеке әңгіме қылмақ. Басшылар шу шыққан балабақшаға шүйліккенімен, мұндағы жұмысшылар жергілікті шенеуніктердің әділ шешім шығаратынына сенбей отыр.