Алматы облысы оқушылары адам шошырлық дәретханаға баруға мәжбүр

Алматы облысы, Тұздыбастау ауылындағы №31 мектеп оқушылары адам шошырлық жағдайдағы дәретханаға баруға мәжбүр, деп хабарлайды NewТimes.kz ақпараттық агенттігі.

Фото: желіден алынды

INSTAGRAM желісінде Тұздыбастау мектебіндегі жағдайдың фотосы жария етілді. Фото авторы жария еткен фотоға жергілікті әкімдік пен Білім министрлігінен көмек сұрайтынын жазды.

«Бұл Тұздыбастау мектебіндегі балалар дәретханасы. Байқұс балалар бүкіл ғимаратты айналып, осы бір шошытарлық дәретханаға барады. Жергілікті әкімдік пен Білім министрлігі назарға алуын сұраймыз» деп жазды автор.

Фотоны көрген желідегілер жағаларын ұстап, дамыған еліміздегі білім ұяларында әлі күнге дейін мұндай күйдегі дәретханалардың барына шамданды. Ал кейбірі бұны қалыпты жағдайға балап, биліктегілер бас қатырмаған соң ата-аналар балалары мектепте кезде дәретхана тесігіне түсіп кетпеуі үшін кезекпен бақылайтынын алға тартты. Желідегілердің басым көпшілігі министрліктен бұл мәселені тез арада шешіп беруін талап етіп отыр.