Павлодар облысында 2, 4 маусым күндері 2657 түлек ҰБТ тапсырады

Павлодар облысында биылғы жылдың 2, 4-маусым күндері 2657 түлек ҰБТ тапсырады, деп хабарлайды «NewTimes.kz» тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы білім беру мониторингі бөлімінің басшысы Роза Балтабекованың айтуынша, биылғы жылы өңірде 3604 оқушы 11-сыныпты бітіреді. Оның ішінде 25-сәуір күні 2657 түлектің 1320-сы қазақ тілінде, 1337-сі орыс тілінде ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Ал, қалған 947-сі мемлекеттік емтихан тапсыратын болады. Аймақта 10  тестілеу пункті жұмыс істейді. Оның алтауы ауылдық аймақтарда болса, төртеуі жоғары оқу орындарында орналасқан. 2-маусым күні Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында Павлодар қаласының мамандандырылған мектептері мен Павлодар, Шарбақты, Лебяжі аудандарының түлектері, С. Торайғыров атындағы ПМУ-де Павлодар қаласының мамандандырылған мектептері мен Успен ауданының түлектері, Қ. Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында Екібастұз қаласы мен ауылдық аймақтарының түлектері өз білімдерін саралайды. 4-маусым күні Инновациялық Еуразиялық университетте Павлодар қаласының жалпы орта білім беру және мамандандырылған мектептердің түлектері, Ақсу қаласынының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясында ақсулық және Май ауданының 11-сынып оқушылары  сынақ тапсырады.  Бірінші лек бойынша 1242 түлек, екінші лек бойынша 1415 түлек ҰБТ-ға қатысады. Ал, 3-5 маусым күндері апелляциялық комиссия жұмыс істейді.

«Олыста 115 мектеп бітіруші «Алтын белгіге», 64 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Соңғы рет сәуір айында алдын ала өткізілген тестілеудің нәтижесінде орташа балл 69,3-ті құраған. Биылғы жылы мектеп бітірушілерін тасымалдауға және тамақтандыруға аудандық, қалалық бюджеттерден 9,5 млн теңге қаржы бөлінген. Елді мекендердегі 800 түлек 59 жалға алынған және мектеп автобустары арқылы тестілеу пункттеріне жеткізіледі. Ақтоғай, Ертіс, Железин, Баянауыл және Качир аудандарының түлектері өздерінің тестілеу пунктінде ҰБТ тапсырады», — деді Б. Балтабекова.

Еске сала кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған 2015 жылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша Павлодар өңірі облыстар арасында көш бастаған.  2016 жылы ҚР «Білім туралы» Заңының мектеп бітірушілерін ҰБТ-ға қатысудан босату бөлігіне өзгерістер енгізілді. Аталмыш заңға сәйкес ҰБТ-ға қатысудан соңғы үш жылда жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиада және конкурстардың жеңімпаздары ғана босатылады. Биылғы жылы Павлодар облысында мұндай оқушылардың саны - 43. Сонымен қатар, оқу жылының аяғына дейін тағы да тоғыз мектеп бітірушісі Мәскеу қаласында халықаралық конкурстарға қатысуды жоспарлап отыр.