Бүгін облыс әкімі Болат Бақауов 900 мемлекеттік қызметшіге дәріс оқыды, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
«Елімізде соңғы жылдары мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларды жүзеге асыруда Елбасымыздың бастамасымен көптеген жұмыс атқарылуда. Бүгінгі таңда кадрлық әлеует, еңбекақы мәселесі, мансаптық өсу бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Бас маманнан бастап, өзінің кәсіби іскерлігі мен еңбегінің арқасында мансаптық сатымен өскен жастарымыз аз емес. Мәселен, 2007 жылдан бастап Екібастұз қаласында еңбек жолын бас маманнан бастаған Мариям Адасбаева бүгінгі күні қала әкімінің орынбасары қызметін атқаруда», — деді Болат Бақауов.
Облыс әкімінің айтуынша, «А» корпусына мемлекеттік қызметшілерді іріктеу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2013 жылдан бастап «А» корпусындағы резервке өткен 35 адамның 21-і басшылық қызметке тұрды. Қазіргі күні «А» корпусындағы резервте сегіз мемлекеттік қызметші тұр. Сонымен қатар өңірімізде «Болашақ» бағдарламасымен бітірген түлектер де мемлекеттік қызметте абыроймен еңбек етіп жүр. Олар - Ақсу қаласы әкімінің кеңесшісі Райхан Усина, облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Әсел Болатова.
«Облыста мемлекеттік қызметшілердің арасында ерлерге қарағанда әйелдердің үлесі басым. Бұл саласында еңбек ететін ер адамдардың саны – 1748 болса, әйел адамдардың саны - 3199. Саяси қызметкерлердің орташа жасы - 48-де. Мәселен, «А» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 52-де болса, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерінің орташа жасы - 39-да», — дейді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Мақсұт Өтешевтің
Ведомство ұсынған ақпаратқа сүйенсек, аймақта «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен марапатталған қызметшілердің саны алты адам. Олар - Майра Ыбырева, Алла Маржықбаева, Жамбыл Түсіпбеков, Владимир Ульянов, Гүлбаршын Белгібаева және Ирина Дроздова. 2015 жылы үш мемлекеттік қызметші Венгрия, Финляндия және Канада елдерінде біліктілігін арттырған.
Айта кетерлігі, бүгінгі күні облыста 5513 мемлекеттік қызметкер бар. Олардың 2929-ы жергілікті атқарушы органдарында жұмыс істейді.