Павлодар облысында МЖӘ аясында сегіз жоба іріктеліп алынды

Павлодар облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 44 жоба бойынша ұсыныстар қаралып жатыр. Бірінші кезеңде іріктеліп алынған сегіз жоба бойынша қажетті құжаттамалар әзірленуде, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде «Павлодар облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айбек Солтанғазинов мәлім етті.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті іске асыру үшін облыста «Жол картасы» қабылданды. Осыған сәйкес жоспарлау, конкурс өткізу және келісімшарт жасасу бойынша шаралар жүргізіледі. Жоғарыда аталған жобалардың бесеуі денсаулық сақтау саласына тиесілі. Нақтырақ айтсақ, Кенжекөл және Павлодарское ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларды, Екібастұз қаласының № 1 емханасын сатып алу құқығынсыз сенімді басқарушылыққа беру, Павлодар қалалық № 1 және Екібастұз қалалық ауруханаларының ғимараттарына компьютерлік томографтарды орнату, қайта жөндеу. Бұдан басқа, Кенжекөл ауылында 140 орынға арналған балабақшаның құрылысы іске асырылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы шеңберінде Ақсу қаласының көшелерін жарықтандыру мақсатында 126 миллион теңгеге 3000-нан астам жарықшам орнатылады. Сондай-ақ Екібастұз қаласының 50 жылдық скверін жаңғыртудан кейін сенімділік қолдануға беру көзделіп отыр. Жоспарланған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды», — деді Айбек Солтанғазинов.

Ведомство басшысы орынбасарының айтуынша, заңнамаға сәйкес жекеменшік серіктестерге инвестициялық және іске қосу шығындары жобаны жүзеге асыру мерізмінде өтеледі. Сондай-ақ мемлекет белгілі бір қызмет көлемін тұтынуға кепілдік береді. Бүгінгі таңда аталмыш жобаларды жүзеге асыруға жерігілікті алты инвестор қызығушылық танытқан.

Павлодарда қалалық әкімдік жанындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобаларды қарастыру жөніндегі комиссия бизнесмендер арасында серіктестерді іздейді.

Еске сала кетейік, Павлодарда қалалық әкімдік жанындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобаларды қарастыру жөніндегі комиссия бизнесмендер арасында серіктестерді іздестірген. Жобаларды іске асыру мерзімі кем дегенде үш жылды құрайды. Мемлекеттік органдардың қатысу нысаны Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерін беру, мемлекеттік меншік объектілерін пайдалану құқығын беру және МЖӘ объектілерін инженерлік және көліктік коммуникациялармен қамтамасыз етуде көрініс таба алады.