Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген депутаттар «Ақ орамал» акциясына қатысты

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова «Ақ орамал» акциясына қатысты,  деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz» тілшісі.

Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилованың айтуынша, ақ орамал - бейбітшілік пен достықтың, мейірімділікті белгісі. Мұндағы басты мақсат - қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына біріктіру.  Бұл күні  облыстық №1 перзентханада жарық дүние есігін ашқан балалардың бесіктеріне 24 тілде «Бейбітшілік» сөзі жазылған шарлар байланып, 20 ананың басына ақ жаулық тағылған. 

«Бұған дейін аналар кеңесінің өкілдері қаладағы №2033 шекарашылар отрядында болып, сержант Мақсат Асылхановтың жұбайы, көп балалы ана Ақеркеге ақ орамал сыйға тартқан едік. Алдағы уақытта неке сарайында отбасын құратын  келіндерге де дәл осындай тарту жасалады. Аталмыш шара тамыз айының соңына дейін жалғасып, соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын және бейбітшіліктің нышаны ретінде ақ орамалдар қойылып, жалпыреспубликалық ақ орамал таққан аналардың шеруі ұйымдастырылады. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағын ойлауымыз керек. Сондықтан көпұлтты мемлекетте өмір сүріп жатқан барлық азаматтар бірігіп, елдегі бейбітшілік пен татулықты сақтауға тырысайық», — деді Бақытжамал Максилова.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған  «Әлем. XXI ғасыр» манифесін қолдай отырып, облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының әйелдер қауымы бейбітшілік пен саналылық және сұхбат үшін, жаппай қырып-жоятын ядролық және басқа да қару-жарақ түрлерінен бас тарту үшін осындай бастама көтерген болатын.

Айта кетерлігі,  дәл осы күні мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова  мен Айгүл Нұркина «Қазбитум сервис» АҚ және «Гофротара» ЖШС-нің ұжымдарымен  жүздесті.  Кезесу барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Илья Теренченко «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» және «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша жүзеге асырлып жатқан  жұмыстар туралы баяндап берді.