Атырау облысының жеке сот орындаушылық қызметі белсенділік танытуда

Тәуелсіз елдің тұрақты дамуына арналған 5 институтционалды реформаны іске асырудағы 100 нақты қадам - Қазақ елінің ендігі бағыты мен бағдарын айқындап берген саяси құжат.  Аталған Ұлт жоспарда көрініс тапқан заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі 2-тарау 27-қадамында жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту және сот орындаушылардың мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту мәселесі қарастырылған. Осы орайда, республикалық жеке сот орындаушылары палатасы төралқасының төрағасы, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Амангелді Абдоловпен сұхбаттасып, жекеменшік сот орындаушылар институты, оның дамуы турасында сұхбаттасқан болатынбыз.

- Тарих қойнауына үңілсек, жеке сот орындаушылар ең алғаш рет Францияда енгізілген екен. Балтық елдерінде бұл жүйе өте жақсы жолға қойылған. Эстония мен Латвия елдерінде де жеке сот орындаушысы ертеректе пайда болған. Осы орайда, елдегі ахуалға тоқталсаңыз? Қай елдің тәжірибесіне сүйеніп отырмыз?

- Иә, дұрыс айтасыз. Біздің мемлекетімізде де Франция сияқты ірі еуропалық елдердің атқарушылық жүйесінің тәжірибесін енгізілді. Негізінен Франция елінің моделіне сүйенген жеке сот орындаушылар институтын құру туралы мәселе 2005-2010 жылдары аралығында кең көлемде қоғамдық талқыға салынды. Соның нәтижесінде 2010 жылы ҚР-ның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртбесі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мемлекетімізде жеке сот орындаушылар институты пайда болды.

Қазір, осы жеке сот орындаушылар институты тәжірибеге енгізілген елдердің барлығының да осы институттың тиімділігіне әлдеқашан көздері жеткен болатын.

- Жеке сот орындаушылар институты 2010 жылдан бері, яғни мемлекеттік сот орындаушылармен қатар жұмыс істеп келеді. Осы аралықта аталмыш институт нендей істер тындырды?

- 2010 жылы заңдық негіздері қаланған жеке сот орындаушылары институтының алғашқы кірпіші 2011 жылы қаланып басталған болатын.

Сол жылдан бастап барлық облыстардағы өңірлік алқаларды біріктірген Республикалық алқа 2015 жылдың ақпан айынан бастап Республика бойынша жеке сот орындаушыларының кезектен тыс съезінде тарап, орнына Республикалық палата құрылды. Жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы облыстардағы филиалдары болып саналатын өңірлік палаталарды біріктіреді.

Бүгінгі күні Атырау облысы бойынша жеке сот орындаушылық қызметке мемлекеттік лицензия алған адамдар саны 100-ден асса, жеке сот орындаушылық қызметке тағайындалып жұмыс істеуге кіріскен жеке сот орындаушыларының саны 51-ге толды, жылдың аяғына дейін 70-ге жеткізу жоспарлануда.

Еліміздегі мемлекеттік жүйеде қалыптасып қалған атқарушылық қызмет саласына жеке сот орындаушылар институтының құрылуы – үлкен оң өзгеріс, оң жаңалық жаңалық әкелді десем артық айтпаспын.

Себебі, тек қана мемлекеттен жалақы алып, ал өндірістегі атқару өндірісінің санына да, нақты орындалуына да мүдделі емес мемлекеттік сот орындаушыларын – атқару құжатының орындалуына жеке өзі материалдық тұрғыда мүдделі болып табылатын жеке сот орындаушыларымен салыстыруға да келмес еді. Жеке сот орындаушылар институты құрылғаннан бері сөзсіз ұзақ жылдардан бері қозғалыссыз жатқан атқару құжаттары орындалды, сөзсіз орындау мерзімдері де қысқарып, орындау сапасы да жақсарып келеді.

Мемлекеттік сот орындаушыларының жүктемесі сөзсіз азайып келеді. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында тек Атырау облысының жеке сот орындаушыларының өндірісінде 41 948 атқару құжаттары болған, өткен жылы осы кезеңде 25 754, сондай-ақ, 7 млр 279 млн. 849 мын 381 теңгеге 9 837  атқару құжаты нақты орындалса, үстіміздегі жылы 6 млр 086 млн. 410 мын 874 тенгеге 10 620 атқару құжаты нақты орындалған,

Мемлекеттік сот орындаушыларының жүктемесі айтарлықтай азайып келеді, үстіміздегі жылы облыс бойынша айыппұл өндіру туралы 5000 атқару құжаты мемлекеттік сот орындаушыларынан жеке сот орындаушыларына берілді.

- Жалпы, жекеменшік сот орындаушылардың қоғамдағы рөлі қандай?  Халық сіздердің  қызметтеріңізге қаншалықты жүгінеді?

- Жеке сот орындаушылары институты өзін дәлелдеді. Жеке адамдар мен заңды тұлғалар өз пайдасына шығарылған атқару құжаттарын мемлекеттік сот орындаушысынан гөрі жеке сот орындаушыларына ұсынудың артықшылығын әлдеқашан түсінген.

Қазір халықтың құқықтық сауаттылығы артып келеді, жеке сот орындаушыларының орындаушыларының қызметіне көптеп жүгінуде.

- Мемлекет басшысы «100 нақты қадамда» жеке сот орындаушылар қызметін дамытуға арналған нақты жоспар бекітті. Бұл атқару жүйесін модернизациялау.  Яғни, жекеменшік сот орындаушылар институтын жаңа реформалар күтіп тұр. Бұл өзгерістер жеке сот орындаушылар институтын дамытуда қаншалықты маңызды?

- Ұлт жоспарының 100 қадамы қоғамымыздың алға аттап басар әрбір қадамын заман талабына сай айқындап беріп отыр.

Осы 100 қадам жоспарының екінші институциональдық бағыты – заңның үстемдігін қамтамасыз ету – заңгерлер қауымымен қызу қарсы алынып, талқылануда.

Соның ішінде алғашқы отыз қадамның ішінен 27-ші болып орын тепкен  - жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамыта отырып, мемлекеттік сот орындаушыларының қызметін біртіндеп қысқарту қадамы болды.

2010 жылы құқықтық іргетасы қаланып, 2011 жылдан бастап құрылған  жеке сот орындаушылары институтының іс жүзінде өзінің өміршеңдігін дәлелдегені болар – Елбасы бұдан әрі қарай мемлекеттік сот орындаушыларының қызметін қысқартып, сот актілері мен атқару құжаттарын орындауды біртіндеп, жеке орындаушылық тәртіппен жүзеге асыруды ұсынып отыр.

Атырау облысының жеке сот орындаушылары Жолдаудан туындаған міндеттер жүгін көтеруге дайындалуда. Жеке сот орындаушыларының санын көбейту алдыңғы қатарлы міндет, әрі өндірістегі істердің санын, соның ішінде, өндірістегі алимент өндіру, жалақы өндіру сияқты әлеуметтік маңызы бар істердің санын арттыру жолға қойылып келеді. Мемлекет пайдасына айыппұлдар өндіру істері де алдыңғы қатарға қойылған.

- 2016 жылдан бастап Қазақстандағы барлық атқарушылық құжаттар жеке орындаушыларға берілетін болады деп отырсыз. Мемлекет басшысы тапсырмасында көрсетілген жаппай істерді орындауға мүмкіндік беретін заң жобасы қазір Парламент қабырғасында қаралуда. Сонда жекеменшік сот орындаушылардың артықшылығы неде?

- Үстіміздегі жылы қазан айында талқыға түсіп, қабылданады деп жоспарланып отырған жаңа заң жобасынан күтілер үміт көп. Оған атқару өндірісінде бұрын болмаған «стоп карта» деген акт енгізіледі деп күтілуде. Бүгінгі күні, қарап отырсақ, жеке сот орындаушыларымен жалпы саны 20-дан астам әр түрлі тиым салу, тоқтам салу қаулылары қабылданады екен. Осы жеке сот орындаушыларының сансыз көп қаулыларының орнын ауыстыратын, барлық органдар мен инстанцияларға күші жүретін бір ғана құжат болмақ. Яғни, «стоп карта» құжаты барлық тиым мен тоқтамның орнына жүретін – борышкерге қандай да болмасын ақша қаражаттарын, мүліктерін пайдалану мен иеліктен шығару, мемлекеттің аумағынан шығып кету сияқты әрекеттерді жасауға мүмкіндік бермейтін бірегей құжат болады.

Бүгінгі күні жеке сот орындаушыларының көптеген қаулыларының сотпен санкцияланатынын айта кету керек, бұл әрине көп уақыт алатын, қағазбастылыққа жол беретін процессуальдық шаралар екені сөзсіз. Жаңа заңмен сол санцияландырылатын қаулылар саны азайтылады деп күтудеміз және тағы да басқа көптеген қосымша құқық беретін өзгерістер күтілуде.

Бұл өзгерістердің бәрі айналып келгенде сот актілерінің орындалуын күшейту арқылы – сот беделін арттыру, сол арқылы заң үстемдігіне қол жеткізу мақсатында қолға алынуда.

Жеке меншік сот орындаушыларының мемлекеттік сот орындаушыларынан айырмашылығы, тағы да айта кетейін, ол сот актісінің орындалуына тікелей өзінің материалдық тұрғыдан мүдделілігінде. Міне, осы факторды артықшылығы деп айтуға болады.  Тікелей өзі мүдделі боғланнан кейін, әрине жеке сот орындаушысы сот шешімін әрі тез, әрі тиімді түрде толық көлемде орындайтын болады.

Сұхбаттасқан

Алина ЗИНЕЛ