Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында болып, қайырымдылық шарасына қатысты, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Дәстүрге айналған «Мектепке жол» шарасы Арыс қаласында да жыл сайын өткізіледі. Акцияның басты мақсаты – жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларын жаңа оқу жылына материалдық тұрғыдан дайындау. Бұл жолы 40 балаға қайырымдылық көмек жасалып, оларға толықтай мектепке арналған қажетті заттар мен сөмкелер үлестірілді.
Осынау шара жергілікті демеушілердің қолғабыс болуымен жүзеге асып жатқанын айта кету керек.
Мектеп оқушыларымен кездескен Бас мүфти Ержан Қажы Малғажұлы оларға тәлім-тәрбие жайында уағыз айтып, болашақта елінің патриот азаматтары болуы керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, бүгінде бүкіл әлемнің басауруына айналған түрлі діни ағымдардан бойларын аулақ ұстауды міндеттеді.
Жалпы, жергілікті имам-молдалардың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы діни ахуал тұрақты. Облыс аумағында барлығы 3 мыңдай адам дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүрген көрінеді. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін мешіт молдаларымен бірге әкімдік жанындағы дін істері басқармалары түрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Әсіресе жастардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, кездесулер және семинарлар өткізу жұмыстары жолға қойылған.
Негізінен Қазақстанның зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми идеология дінге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден түбірінен өзгеше.