Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінде діни білім алудың артықшылығы жөнінде семинар өткізілді. Бұл туралы ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Айтулы жиынға аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Сыздықов Бекзат, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ішкі саясат секторының меңгерушісі Есенбеков Омар және «Шымкент», «Сарыағаш» медресе-колледжіне оқуға түсуші талапкерлердің ата-аналары қатысты.
Жалпы, 2016 жылы Мақтарал ауданы бойынша «Сарыағаш» медресе-колледжіне 45 шәкірт, «Шымкент» медресе-колледжіне 4 шәкірт, Алматы қаласында орналасқан «Әбу Ханифа» медресесіне 2 шәкірт және «Астана» медресесіне 1 шәкіртіміз білім алуға жіберілді.
Сонымен бірге, семинар барысында медресе, әкімдік және ата-аналар тарапынан үш жақты Меморандум қабылданды. Алдағы уақытта аталмыш оқу ордасында шәкірттер тегін білім алып, шәкіртақы алып оқитын болады.
Семинар барысында ата-аналар қойылған сұрақтарына жауап алып, риза екендіктерін жасырмады.
Естеріңізге салайық, биыл мамыр және маусым айларында Ақтөбе мен Алматы қалаларында лаңкестік оқиғалар орын алып, салдарынан 10-нан астам адам қаза тапты. Осы оқиғалардан кейін еліміздегі дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатын азаматтардың біразы тексеріліп, оларға мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қанды екі оқиғаға да салафизм ағымын ұстанатындардың қатысы бар екені анықталған.
Жалпы қазіргі танда елімізде діни оқу орындарын деңгей бойынша жіктеудің қажеттілігі туындап отыр. Өйткені, мемлекеттік тіркеуден бірыңғай өткенімен, діни білім беру ұйымдарының оқыту әдісі әр алуан.