Медреселерімізде қазақ ғұламаларының еңбектері тереңдетіп оқытылады

Еліміздегі ҚМДБ-ға қарасты медреселерде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы осынау діни мектептерде Әл-Фарабиден бастап, Абай, Шәкәрімге дейінгі аралықты қамтитын қазақ ғұламадарының еңбектері тереңдетіп оқытылады, деп хабарлайды NewTimes.kz. Бұл туралы ҚМДБ оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Қыдырбайұлы мәлімдеді.

Оның айтуынша, ислам мемлекеттерінің өзінде жергілікті халықтан шыққан ғалымдардың туындылары медреселерде міндетті пән ретінде оқытылады екен. Бұл үрдіс енді Қазақстанда да бар.

«Негізінен ислам дінін ұстанатын елдердің орта діни білім берудегі тәжірибесін зерделей келе әрқайсысы өз жерінен шыққан ғұламалардың діни еңбектеріне көбірек сүйенетініне көз жеткіздік. Бізге де солар сияқты өзіміздің ойшылдарымыз бен даналарымызды, діндарларымыз бен ғұламаларымызды неге ардақтамасқа?! Сондықтан жаңа бағдарламаға сәйкес оқу жүйесіне екі пән енгізіп отырмыз. Біріншісі–«Қазақ ойшылдары және құндылықтары» деген пән. Сонау әл-Фарабиден, Тарази, Балсағұниден бастап, кешегі Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш, Ғылмани аталарымыздың пәлсапалық тұжырымдары Ислам құндылықтарымен байланыстырыла жүйелі түрде оқытылады. Екіншісі – «Шешендік өнер және уағыз айту әдістемесі» атты пән. Шәкірттерімізге шешендік өнердің қыр-сыры үйретіліп, уағыз айтуға машықталады. Бұған қоса облыс орталықтары мен қалалардағы үлкен мешіттердің жанындағы сауат ашу курстарында Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылманшылық тұтқасы» мен Шәкәрім қажының «Мұсылмандық шарты» деген кітаптарын оқыту міндеттелген. Сонымен қатар, Құран әліппесі, тәжуид, Пайғамбарымыздың өмірбаяны, иман негіздері сияқты негізгі пәндер де отандық авторлардың жазған оқу құралдары негізінде оқытылып жатқанын айтқан жөн», - дейді Б.Қыдырбайұлы.