Дәстүрлі емес діни ағымдармен күресу заң тұрғысында мүмкін болмай жатады – Ғ.Шойкин

Мемлекет тарапынан әзірге теріс діни ағымдармен күресетін арнайы бағдарлама жоқ. Олармен күрес тек қолданыстағы заңнамалар шеңберінде ғана жүзеге асады дейді ҚР МСМ Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.

Оның айтуынша, қолданыстағы заң кейбір дәстүрлі емес діни ағымдарға тосқауыл болуға мүмкіндік бермейді.

«Теріс ағымдардың алдын алу еліміздің қолданыстағы заң­на­малары шеңберінде іске асырылады. Бұл жердегі түйткілді мәселе – дәстүрлі емес ағымдардың идеялық тұрғыдан таралуы және оларға қарсы заңдық тетіктерді қолданып күресудің барлық уақытта мүмкін еместігі. Сондықтан Дін істері комитеті басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен және ғылыми-сарапшылар қауымдастығымен бірлесе отырып, теріс діни ағымдардың алдын алу және олардың идеологияларынан келетін қауіпті тұрғындарға түсіндіру бағытындағы жұмыстарға басымдық беріп отыр», — дейді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, теріс діни ағымдар қазіргі таңда уағыздарын негізінен әлеуметтік желілер арқылы жүргізеді. Оларға тойтарыс беру мақсатында Комитет басшылары сарапшылар қауымдастығының көмегіне жүгініп, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді екен.

«Комитет тарапынан интернет-ресурстардың мазмұнын талдау жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады. Өткен жылы 6000-нан астам интернетресурстың мазмұны талданып, олардың ішінен заңнамаға қайшы 414 материал анықталды. 2016 жылдың І тоқсаны бойынша 1020 интернетресурстың мазмұнына талдау жасалып, онда заңнамаға қайшы келетін 302 интернетресурс анықталды», — дейді Ғ.Шойкин.

Оның айтуынша, Дін істері комитеті идеологиялық жұмыста инновациялық әдістер де пайдалануда. Мәселен, 2013-2015 жылдары бірқатар өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп анти­экстремистік сипаттағы «Хақ жолы» (Атырау), «Жан шырылы» (Көкшетау), «Шырмауық» (Өскемен), «Ойран» (Шымкент), «Жәннат» (Орал), «Адасқандар» (Қарағанды) драмалық спектакльдері әзірленген. Аталған қойылымдардың бейне нұсқалары әзірленіп, олар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған іс-шараларда кеңінен қолдануда.