Маңғыстау облысында ҚР Жер кодексінде қарастырылған заңнамалар бойынша жер телімдерін алып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерге және жалпы жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аймақта сегіз ақпараттық-насихат тобы құрылды.
Топтардың құрамына барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, жер қатынастары басқармасының қызметкерлері, партия ардагерлері енгізілген, барлығы 115 мүшесі бар.
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Нұрғалиева жетекшілік жасайтын ақпараттық-насихат тобы Қызылқұм жеріндегі егіс алқабын аралады. Шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты, егіншілердің жер реформасына қатысты сұрақтарына жауап берді.
«Бүгінде Қызылқұм жерінде 5 шаруа қожалығы жемісті еңбек етуде. Олардың барлығы да қызанақ, қияр, қырыққабат, болгар бұрышы, қауын-қарбыз тағы басқа көкөніс түрлерін өсіріп отыр. Барлығы да кәсіптерін 2003-2005 жылдар аралығында бастаған шаруалар. Бәрі де жерді 49 жылға жалға алып, тамшылата суару әдісін қолдануда», — деді Х.Нұрғалиева.
«Қалмұрат» шаруа қожалығының басшысы Өмірбек Мамутов 100 гектар жердің 20 гектарына көкөніс өсіріп, 21 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол жердің әр гектарына 72 мың теңге субсидия бөлінетіндігін, ал тыңайтқыш алуға 50 пайыз жеңілдік бар екендігін айтты.
Итеміш Алданов басқаратын «Итеміш» шаруа қожалығының иелігінде 92,5 гектар жер бар. Соның 14,5 гектар жеріне егін салып, 6 адамға жұмыс тауып берген.
«Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Оңдабаевтың айтуынша, Мұнайлы ауданында егін шаруашылығымен айналысатын бүгінде 30-ға жуық шаруа қожалығы бар.