Қазіргі заман қаһарманы

Жайық жұртшылығы Едірес Зейнуллинді біздің батырымыз деп қадір тұтады. Себебі ол бүлдіршінді ажалдан арашалап қалған еді. Таяуда өткен Батыс Қазақстан облыстық жас полицейлер слетінде БҚО ІІД басшылығы оның бұл ерлігін жастарға үлгі ретінде айтты.

Аудандық дәмхана жанындағы септиктің құдығына құлап кеткен бүлдіршінді өлімнен арашалап, құтқарып қалған ол, ерлігі үшін ҚР Ішкі істер минис­трі, генерал-майор Құлмұханбет Қасымовтың Құрмет грамо­тасымен марапатталды. Бейбіт күннің батырларына арналған республикалық акцияда оған министрлік­тің алғыс хаты тапсырылды. Ал, жақында облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы кейіпкерімізді «Қазіргі заман қаһарманы» атағымен марапаттады.

Полиция капитаны Едірес Зейнуллин өзін ерлік жасадым деп есептемейді. Кейіпкеріміздің айтуынша, ішкі іс­тер органындағы қызметкер ең бірінші кезекте ұстамды бола білуі керек.

«Ұстамды адамның ойлануға мұршасы болады. Ойлан­ған адам қандай шешім қабылдайтынын жақсы біледі. Ты­ныштық пен татулықты сақтау, оқыс жағдайда кімге болса да арашаға келу – Қазақстан  полициясының кәсіби міндеті!» – дейді ол.

Едірес Зейнуллин 1999 жылы ҚР Қарулы күштері қатарына алынды. Шымкент қаласындағы әскери бөлімде қызмет атқарған жас сар­баз қатаң тәртіпке дағдыланды. 2001 жылы БҚО ішкі істер департамен­тінің патрульдік полиция қызметіне жұмысқа орналасты. 2009 жылдан бастап Сырым аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады.

Елбасы «100 қадам» Ұлт жоспарында полицейлердің кәсіби дағылары мен жеке бас қасиеттеріне жете мән беру қажеттілігін айтқаны белгілі. Әріптестері Едрес Зейнуллин осы талапқа толығымен де сай екенін айтады.

Негізінен «Қазіргі заман қаһармандары» жыл сайынғы әскери-патриоттық акциясы бейбіт уақытта ержүректік көрсеткен ішкі істер органдарының қызметкерлерін барынша құрметтеп, еңбектерін барынша бағалауға бағытталған.