Орал қаласында «Бірлік – единство.KZ» атты халықаралық жастар лагері бастау алды

Лагерь жұмысына этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдарының өкілдері және БАҚ өкілдері тартылған.

22 - 25 тамыз аралығында Жайық жағалауында өтетін лагерь жұмысын ҚХА БҚОФ және ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» кеңесі ұйымдастырған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген «Біртектілік пен бірлік» идеясын жүзеге асыруды көздейтін лагерь жұмысына барлығы 180 адам жиналған. Олардың қатарында Қазақстанның барлық аймағынан келген делегаттармен қоса Ресейдің Самара, Астрахан, Саратов, Волгоград, Орынбор қалаларынан келген өкілдер бар.

Қазақстандық бірегейлік пен біртектілікті қалыптастыру, шекаралас мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты үйлестіруді көздейтін лагерь жұмысының маңызы зор. Лагерь қатысушылары бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде ұйымдастырылған семинар – тренингке қатысты. Семинар барысында тілдерді үйретудің әдіс – тәсілдері айтылып, еліміздегі тіл саясаты, үш тілділік мәселесі көпшіліктің талқысына салынды. Лагерь жұмысы аясында ұйымдастырылып отырған семинарға ҚР парламенті мәжілісінің депуттары, тіл жанашырлары қатысты.

 «Қазақстан көп этносты мемлекет. Біздің елде  достық пен ұлттар бірлігіне көп көңіл бөлінеді. Қазір қазақ тілін үйренемін деушілерге бар жағдай жасалған, тілдерді үйретудің жаңа технологиясын тиімді пайдалана білуіміз керек», — деп атап өтті «Тілдерді дамыту және қоғамдық – саяси жұмыс комитетінің» бас сарапшысы Фариза Медешқызы.

Орал қаласында бастау алған  «Бірлік – единство.KZ» халықаралық лагері 25 тамызға дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, лагерьдің барысында сегіз тақырыптық бағыт бойынша түрлі мәселелер талқыланады. Соның ішінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала тұлғалары» - «Личности Великой степи» атты республикалық жастар экспедициясы бастау алады. Жастар «Мәңгілік елдің тілі» қазақ тілі мектебінде, пікірталас алаңдарында бас қосады. Сондай-ақ мәдени, спорттық-туристік шаралар да жоспарланған.

В статье: