Павлодарлық 300-ден астам ана-анаға астаналық психолог позитивті болуға кеңес берді

Павлодар қаласының №16 жалпы білім беретін мектебінде Отбасы күніне орай «Өз балаңа үлгі бол!» тақырыбында өткен республикалық конференциясы 318 ата-ананың басын қосты, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Астана қаласы отбасын тәрбиелеу институтының кураторы Айнұр Өмірованың айтуынша, аталмыш шараның мақсаты – бірінші сынып оқушыларын мектепке дайындаудың бірыңғай әдіс-тәсілін жасау. Сонымен қатар,  тілдің үш тұғырлығы саясатын жүзеге асыру.   Бұл жиынға №16 мектептен 185, № 8 мектептен 110 және № 30 мектептен 48 ата-ана қатысқан.

«Мұндай акция республиканың барлық аймақтарында бір уақытта өтті. 1-сынып оқушыларының бойындағы қорқынышты жеңе білу үшін отбасында махаббат пен мейірім, позитивті көңіл-күй болуы тиіс. Себебі мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіндерде жаңа ортаға бейімделіп кеткенге дейін үрей басым болады. Осы кедергілердің барлығын жеңе білу үшін балаға сен «ақымақсың», «қолыңнан келмейді» деп айтуға болмайды. Керісінше, оларға жігер беріп, қолдап отыру керек. Сондай-ақ, балалардың көзінше ұстаздың беделін түсіріп, жаман сөздер айтпаған дұрыс. Өз кезегінде Павлодар қаласының 15 мектебі мен М. Катаев атындағы оқушылар сарайының психологтері Алмагүл Хамитова мен Айжан Оразбаева да 1-сыныптың ата-аналарына оқушыларды мектепке дайындауға кеңес берді», — дейді Айнұр Өмірова.

Облыстық білім беру басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, аймақта балаларға үлгі болуға 389 жалпы білім беретін мектебінен 12 мыңнан аса ата-ана шақырылған. 

«Қазіргі таңда ата-аналар баланың психологиясына әсер етудің қарапайым техникаларынан бейхабар. Сол себепті мектеп психологтарының көмегіне жүгінген абзал Былтыр ата-аналар конференциясына облыстың бірнеше мектебі ғана қатысса, биыл барлық білім ошағы қамтылып отыр. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің ата-аналарына баса назар аударылып, педагогикалық және психологиялық көмек көрсетуге тырыстық. Өңірде психолог мамандар жеткілікті», — дейді білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Дауенов.

Еске сала кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Павлодар облысында 12 мың 750 балғын мектеп табалдырығын аттаған. Павлодар облысында соңғы үш жылда оқушылар саны 10 мыңға артып, 97 мыңға жеткен. Білім беру нысандарында барлығы 20 мың педагог жұмыс істейді.