Болашақтықтардың үлесі артады

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Ғани Нығыметов Орал қаласында болып студенттермен, жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Кездесу барысында Ғани Нығыметов «Болашақ» бағдарламасының бағыттарын, жасалынып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын түсіндіріп, жастарды жетік білім алып, тәжірибелерін мемлекет игілігіне жұмсауға шақырды.

Болашақ бағдарламасының түлектері қазіргі таңда ел билігіне араласып та үлгерді. Әріге бармай – ақ бір мысал келтірер болсақ осы БҚО әкімі Алтай Көлгінов «Болашақ» бағдарламасының  беделді түлегі. Елбасының Ұлт жоспары нақты 100 қадам бағдарламасында атап көрсеткеніндей «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» ісіне белсене ат салысып жүрген мемлекеттік қызметшілердің бірі.

Жалпы БҚО бойынша «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің облыс, қала билігіне араласуы үлкен үрдіс алған.

«Шет елден білім алып, әлемнің озық тәжірибесін көрген жалынды жастарды жұмысқа көптеп тарту қажет, елдің дамуына ат салысатын, қоғамның алға жылжыуына ықпал ететін осындай сауатты, мәдениетті жастармен бірлесіп жұмыс жасайтын болсақ, Елбасы айтып жүрген Мәңгілік елдің іргетасын бірге қалайтын боламыз», — деді жиында сөз алған аймақ басшысы Алтай Көлгінов.

Ал, Ғани Нығыметов өз кезегінде стипендиаттар санын арттыру қажеттілігі уақыт талабы екенін ескертіп, қалыптасқан нарықтық экономика жағдайларында индустриалды-инновациялық даму, білім жəне ғылым, ақпараттық технологиялар жəне әсіресе инженерлік-техникалық саласындағы  мамандарға қажеттілік ұдайы өсіп келе жатқанын басып айтты.

Бүгінгі таңда әлемнің 20 елінің 170 университетінде  қазақстандық студенттер білім алуда. Ел студенттерінің басым бөлігі шетелдік университеттер ішінде Ұлыбритания және АҚШ білім ордаларының білім жүйесін таңдайтын көрінеді. 

Бағдарлама іске қосылған кезінен бастап 12000 қазақстандық студент шетелдің бетке ұстар университеттерінде білімін шыңдаған. Қазіргі таңда 9000 стипендиант елге оралып, түрлі салада қызмет етуде.  Олардың 55 % мемлекеттік қызметте болса, 35 % жеке секторды дамытуда. Ал қалған 12 % халықаралық ұйымдарда және 2 % ұлттық компанияда қызмет атқарады екен.