Болат Бақауов «ҚР Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскери қолбасшылығында Павлодардың 500-ден астам сарбазы әскери міндеттерін өтеп жүр. Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып жүрген жерлестіріміз 17-інші қыркүйек күні ата-аналарымен тікелей байланысқа шығады, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Бұл туралы бүгін «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді мәлім етті.

ҚР Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған шараға облыс әкімінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхметқали Сатов, Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ, қоғамдық және діни бірлестік өкілдері қатысты. Олар Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін сөз етіп, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастар санасына қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және азаматтардың елге, жерге деген адалдығын нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап ішкі және сыртқы қауіпсіздікті нығайту жолында еңбек етті. Соның нәтижесінде қазақ елінің тұрақтылығын және ұлтаралық қарым-қатынасын барша әлем мойындады. Осы салада адал еңбек ету - әрбір әскери қызметшінің басты парызы. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскери қолбасшылығының әрбір сарбазы еліміз бен жерімізді ақтық демі қалғанша қорғауға дайын», — деді жиында сөз алған генерал-майор Мұхметқали Сатов.

Бұл күні ҚР Ұлттық ұлан гвардиясы бас қолбасшысының бұйрығымен облыс әкімі Болат Бақауов «ҚР Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов, қала әкімі Нұржан Әшімбетов, Павлодар облысы ІІД бастығы Марат Қожаевқа, «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы басшысының орынбасары Илья Теренченко, облыстық мәслихаттың депутаты Элина Паулина және басқалары алғыс хаттарға ие болды.

Айта кету керек, Павлодар қаласында Ұлттық ұлан әскери қолбасшылығының екі бөлімшесі жұмыс істейді. 5512 әскери бөлімінің мақсаты еліміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, 6679 әскери бөлімінің қызметкерлері қаладағы түзеу мекемелерін күзетеді.