Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданындағы орталық «Нұғман» мешітінде аудандағы барлық имам-молдалар бас қосты. Басты мақсат – аймақтағы діни ахуадың жайын талқылап, алдағы қасиетті Құрбан айт мерекесіне дайындықты пысықтау.
Жиынды ашқан «Нұғман» мешітінің уақытша бас имамы Шәймерден Бағдат ауданда атқарылып жатқан игі істерді және алдын алу жұмыстары туралы баяндады. Бүгінде имамдар дін істері басқармасының мамандарымен бірігіп, оқу орындарында және мемлекеттік мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айта кету керек. Басты мақсат – діни экстремизмнің алдын алу. Осы бағытта дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткен тұрғындармен де жеке кездесулер өтіп, оларға түсіндіру жұмыстары жіті жүргізілуде.
Жиында сондай-ақ, Құрбан айтқа дайындық жұмыстары пысықталды. Мерекеге орай атқарылатын іс-шаралар бойынша аудан имам-молдаларымен ақылдаса отырып, қасиетті Құрбан айт уағыз-насихат жұмыстарын күшейту, арафа күні шалынатын мал құрбандыққа жатпайтыны жайында үгіттерді жүргізілуін қадағалауды бас имам өңір кураторларына бекітті. Сонымен бірге медициналық кітапша әрбір мешіт қызметкерінде болуын қадағалауды тапсырды.
Бас имамның міндетін уақытша атқарушы Шәймерден Бағдат осы уақыттан бастап молдалардың жылдық есептеріне алдын-ала дайындық жасалуын, баспасөз қызметін жандандыруды да естен шығармауды тапсырды.
Сонымен қатар, аудандық ішкі саясаттағы сектор бөлімінің басшысы Есенбеков Омар дәстүрлі емес діни ағымдармен жұмысты күшейту керектігін айтып, қандай да бір түсініспеушіліктер мен қақтығыстар орын алған жағдайда дер кезінде әкімшілік тарапына жүгінуді ұсынды. Жиналыс соңында ҚМДБ бекіткен 4 бағытының бірі болған қайырымдылық іс-шараларына әкімшілік тарапынан көмек берілетіні айтылды.