Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің «Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің басшысы Ұлықбек Алиакбарұлы № 20 Титов атындағы мектеп гимназиясында «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында кездесу болып өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.
«Қазақстан – көп ұлтты және көп дінді мемлекет. Сондықтан мемлекет үшін дінаралық және этносаралық келісімді сақтау, қоғамда діндер аралық диалог және өзара түсіністік ахуалын жасау – еліміздегі азаматтық татулық пен саяси тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды негізі, бірегей тетігі болып табылады», — деді Ұ.Алиакбарұлы кездесу барысында.
Қоғамымыздың басты мәселелерінің бірі – еліміздегі түрлі дінді ұстанушылар арасында діни экстремистік көзқарастардың орын алуына жол бермеу болып табылады. Дегенмен, кешегі күні өткен кеңестік дәуірдегі бүкіл дін атаулыны жоққа шығарған атеистік тәрбиенің әсері, сондай-ақ түрлі діни наным-сенімдерді ұстанған халқы бар Қазақстанда әр түрлі конфессиялардың қызмет етулеріне көзқарастар әр қилы әрі қарама-қайшылықты жағдайлар да кездесіп қалатыны шындық.
«Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекет билігінің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Халықсыз билік болмайды, ал – дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар екенін ескерелік. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді. Сондықтан көпұлтты Қазақстан үшін бүгінде діни біртұтастық пен төзімділік қажет», — деп атап өтті.
Кездесу соңында тұрғындардың сұрақтарына дінтанушы маман тарапынан қанағаттанарлық жауаптар берілді.