Чусок мерекесі тойланды

Чусок мерекесі ― кәрістер үшін шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлаудан кейінгі маңыздылығы жағынан екінші мейрам. Онда адамдар жақсы егін орағы үшін ата-бабаларына тағзым етеді. Аталмыш мерекені Батыс Қазақстандық кәрістер үш күн қатарынан тойлады. Жалпы БҚО бойынша 1000 – ға тарта кәріс ұлтының өкілі бар деп есептеледі. Бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заманда кәрістер де өзге ұлттар мен ұлыстар секілді Қазақстан халқының бір бөлшегі болып біте қайнасып кетті.

Аймағымыздағы кәріс ұлты өкілдері  ұлттық мерекелері  Чусокты кең көлемде атап өтті.  Атаулы мереке аясын тойлауға бас қосқан өңіріміздің кәрістері,  үйінің ауласында  ұлттық өнерлерін көрсетіп, ұлттық ойындарын ойнап, көпшілікке ұлттық тағамдарын ұсынды. БҚО кәріс халқының этно – мәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пак «Ата – бабамыздан қалған үлкен мейрам чусок мерекесімен жиналғандарды құттықтаймын, біз Оралдағы кәріс халқы осындай мерекені тойлауға мүмкіндік беріп, кең қолдау көрсеткен БҚО әкімшілігіне үлкен алғыс білдіремін», ― деді өзінің құттықтау сөзінде.

Ал, жиын басында сөз алған ҚХА БҚОФ төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Елбасы жүргізіп отырған саясатты айта келе, «Мұндай шаралардың бәрі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып жатыр. Қазақстанда барша ұлт өкілдері ынтымақпен өмір сүріп жатырғанын білесіздер. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында өзге ұлт өкілдері өз мәдениеті мен дәстүрін, тілін сақтап, байыта түсуге мүмкіндік алды. Кеңес дәуірінде мұндай мүмкіншілік жасалған жоқ, қайта саны аз ұлттардың қысымшылық көргені белгілі. Осындай ұлттық мейрамдар бұдан кейін де жалғасады. Мұның бәрі ― Елбасы саясаты мен ел бірлігінің арқасы», ― деп қорытындылады өз сөзін.

Бұл мәселені Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 85-қадамында нақты атап өткен болатын. Сол «Біртектілік пен бірлік» ұлттық идеясына үлес осындай шаралардан басталары сөзсіз.

Чусок ― кәрістер үшін шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылды тойлаудан кейінгі маңыздылығы жағынан екінші мейрам. Айтулы күнді орақ мерекесі санайтын кәрістер осы күні өздерінің бақилық болған ата-аналарын еске алады. Бейіт маңын тазартып, еске алу үстелін жасап, қабір басына егін орағының ең үздік сыйларын қояды. Еске алу шаралары өткеннен кейін, мереке отбасы ортасында жалғасын табады. Жалпы Батыс Қазақстандық кәрістер ұйымшыл халық.Олар қандай шаралардың болсын басы қасынан табылып, тіпті өздері бастама көтеріп жататын кездері жиі болып тұрады.Атап айтсақ шаһарымыздан орын тепкен «Қазақ халқына мың алғыс!» атты ескерткіш  орнатулары да осы кәріс ағайындардың қазақ халқына деген кең пейілі деп білеміз

Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсуде кәріс халқының қосып отырған үлесі зор  . Бұл айрықша құндылықты еңбекқор әрі бейбіт кәріс халқының қазақ қауымына деген ерекше ілтипатынан айқын аңғаруға болады. Олар да «Қазақстан азаматы» деген зор абыройды арқалап, ортақ Отанымыздың келешегі үшін аянбай еңбектеніп жүр.