Қыркүйек айының бірінші жексенбісі - мұнайшылар күні. Осы айтулы күнге орай, Ақтау қаласында Маңғыстау мұнайының 55 жылдығы мен «Жетібаймұнайгаз» Өндірістік басқармасының 50 жылдығы кең көлемде атап өтілді, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Салтанатты жиынға Маңғыстау мұнайын алғаш ашқан ардагерлер, мұнайшылар мен жас мамандар қатысты. Аймақ басшысы Алик Айдарбаев Маңғыстау мұнайының ашылу тарихына тоқталып, жиынға қатысушыларды кәсіптік мерекесімен құттықтады. Сондай- ақ, шара барысында мұнай саласында еңбек етіп, тер төгіп жүрген мамандар Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Осыдан дәл 55 жыл бұрын Жетібайдың жазығынан алғаш мұнай бұрқағы атылды. № 6 бұрғылау ұңғысынан 53 метр биіктікке атылған мұнайды ауыздықтауға 3 күн кетті. Осы күннен өңірге үлкен өзгерістер келді. Бұрын малмен отырған аймақтың экономикасы дамып, қазір мұнай-газ саласындағы ел экономикасының көшбасшысы болып тұр. Мұнайшыларды құттықтай келген Алик Айдарбаев қара алтын тарихына да тоқтала кетті.
Мұнайшылардың дүбірлі тойында ардагер мұнайшылар аса ардақталды. Олардың қисапсыз еңбегі мен жанқиярлығы жас ұрпаққа үлгі. Жиынға қатысқандардың арасында Жолдас Тоқжанов, Дари Тоқжанова, Санатбай Масатов, Сәмен Нұрхасанова, Қайып Азанбаев, Нұрмұхан Қанатбаев, Тұрмұханбет Кенебайлар бар.
Астанадан аманат арқалап келген Серік Әбденов С.Мыңбаев пен Кулибаевтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлерге шапан жапты. Сондай- ақ, мұнайдың әр саласында қызмет етіп жүрген мұнайшыларды Құрмет грамоталарын, алғыс хаттарын табыстады.