Бүгін Маңғыстау ауылы, №11 орта мектепте «Маңғыстаудың марғасқа ұлы - Әділбек» атты кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Кездесуге Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, былғары қолғап шебері Әділбек Ниязымбетов, Әділбектей азаматты тәрбиелеп, өсірген әкесі Сәбит Ниетбайұлы, Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сара Ноғайқызы, Жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Лесбайқызы, №11 орта мектептің директоры Қаршагүл Хамзахонқызы, ұстаздар мен оқушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Әділбек Ниязымбетов – 2011 жылғы Бакуде өткен әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жартылай ауыр салмақта 2012 жылғы Лондонда өткен «Жазғы Олимпиада ойындарының» күміс жүлдегері, 2013 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2014-2015 жылғы Азия ойындарының чемпионы, Жартылай ауыр салмақта (81 келіде) 2016 жылғы Рио-де-Жанеройда өткен «Жазғы Олимпиада ойындарының» күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Құрмет орденінің және екінші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Маңғыстаудың марғасқасы атанған боксшысы.
Аталған шара, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілді.
Кездесуде сөз алған Әділбек Ниязымбетов өзінің спортта жеткен жетістіктері мен жеке өмірі туралы әңгімелеп берді. Оқушыларға салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысуды насихаттаған былғары қолғап шеберлері ең бастысы-өмір рингінде есені жібермеуге тілек білдірді. Тынымсыз еңбек етіп, алдына қойған мақсатың айқын болса ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатындығын айтты.
«Рио олимпиадасы мен үшін бұған дейінгі олимпиада ойындарынан ауыр болды. Олимпиаданың күмісін алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен, мен Риоға алтын медаль алу үшін барған болатынмын. Халықтың, бапкерлерімнің үмітін ақтай алмағаным үшін өкінгенім рас. Бірақ, өткен іс өтті. Артқа шегінуге жол жоқ. Алда тағы биік мақсаттарым бар», — дейді спортшы Әділбек.
Кездесу барысында, Әділбек пен әкесі Сәбит мырзаға түрлі сауалдар қойылып, бокс, дзюдо үйірмесінің шәкірттері мен әнші жастардың өнерлері тамашаланды.