Биыл мамыр мен маусым айлрында Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғаларынан кейін еліміздің барлық өңірінде дін мамандарынан құралған ақпараттық топ түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Дәл осындай жұмыстар Оңтүстік Қазақстан облысының да барлық аудан-қалаларында ұйымдастырылуда. Мәселен, күні кеше Төлеби аудандық ішкі істер бөлімінің ұйымдастыруымен «Дін – ынтымақтастық кепілі» атты семинар-тренинг өтті.
Семинарға аудан әкімі Парманов Бұқарбай, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жұмабай Ғаппарұлы, ОҚО дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің «Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлім басшысы Ұлықбек Алиакбарұлы, ауданның бас имамы Анарбаев Самат, қала, ауылдық округ елді мекендерінің билері, имамдары, округ аппаратының мамандары, барлық білім беру мекемелерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен дінтәну пән мұғалімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан аумағында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және діни тұрақтылықты қамтамассыз ету мақсатында, сонымен қатар, кереғар діни ағым жақтастары жайында Ұлықбек Алиакбарұлы және «Дін мен дәстүр сабақтастығы» атты тақырыпта ауданның бас имамы Самат Анарбаев баяндама жасады. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Айта кетейік, ОҚО Дін істері жөніндегі басқарма жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ облыс аумағындағы оқу орындарының басым бөлігіне барып, оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Өйткені, соңғы уақытта дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарын діннен хабары жоқ жасөспірім балалар толтырып жүр. Теолог-ғалымдардың пікірінше, «қатардан қалмайын» деп мешітке барған оқушыларды жат ағым өкілдері оңай алдап түсіреді екен.