Бүгін Шымкент қаласындағы №34 мектепте дәстүрлі емес діни ағымдардан қалай сақтану керектігі жайында кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің мамандары И.Айтаев пен М.Өтелбаева қатысып, оқушыларға теріс діни ағымдардан келетін қасірет жайында баяндады. Тиісінше, мақсатты аудитория – оқушылар болды, себебі, тәжірибе діни ағымдардың ықпалына көбінесе жастар түсетінін көрсетіп отыр.
Кездесудің мақсаты – діни секталардың жолын кесу, миссионерлік қызметпен айналысатын тұлғалармен жұмыс жүргізуді қалыптастыру. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндіру және мектептерде өскелең ұрпаққа діни секталардың зияны туралы түсінікті қалыптастыруы үшін оқушылардың толғандырған сұрақтарына жауап берілді.
Сондай-ақ, аталған кездесу барысында Қазақстандағы дін саясаты, дәстүрлі дін және түрлі діни ағымдар туралы, діни экстремизм туралы жалпы айтылды. Дін мамандары оқушыларға дәстүрлі дін туралы түсініктеме беріп, өзге де діни секталар туралы, олардың ықпалына түспеу және олардың қоғамның дамуына келтіретін зияны туралы толықтай айтып өтті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, дін мамандарының оқушылармен жұмыс істеуі бекер емес. Өйткені, теріс діни ағымдардың жетегіне еріп кететіндердің көпшілігі осы кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер. Мұны ел ғалымдары жүргізген тәжірибе де растай алады. «Қатардан қалмайын» деген ниетпен мешітке баратын оқушыларды салафизм уағызшылары тез құрықтарына түсіреді екен. Сондықтан, дін өкілдері жаңа оқу жылы басталысымен мектептерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр.
Айта кетейік, биыл Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін елімізде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.