Жаңаөзен қаласы жылу маусымына дайын

Жаңаөзен қаласы қысқа дайындықты күшейтті. Биылғы жылу науқанына «Өзенжылу» мекемесінің сораптары толықтай дайын. Құбырлар жөнделіп, тексеруден өткізілді. Қазіргі күні ішкі жұмыстар пысықталуда, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Жаңаөзенге жылу осы айдың ортасынан бастап берілетін болады.

«Өзенжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының негізгі қызметі - жылуды өндіру, тасымалдау және тарату. Бүгінде кәсіпорынның сораптары науқанға жүз пайыз дайын. Десек те, көпқабатты тұрғын үйлердің жылумен толықтай қамтылуы үшін пәтерлердің ішкі жүйелерінің де дайындығы маңызды дейді мекеме басшысы.

«Алдымыздағы жылу науқанына «Өзенжылу» мекемесінің барлық нысандары дайын. Он бесінде қала әкімінің өкімімен жылу қосылады. Онында сыртқы жылу жүйелеріне насос арқылы жылуды жібергіміз келеді. Оны мен он бесі аралығында қалаға су жіберіледі. Он бесінде толығымен жылу жіберіледі», — деді «Өзенжылу» МКК басшысы Әділбек Рубилов.

Кәсіпорында жаңадан ашылған «Электр және жылу өндіру» орталығы желтоқсан айында өз жұмысын бастайды. Мұнда орналасқан үш қозғалтқыштың биыл әзірше біреуі іске қосылады. Жаңа электр орталығы, алдымен қаржыны үнемдейді, жылу беруді тұрақтандырады. Тіпті болашақта айналасындағы басқа мекемелерді де тоқпен қамтамасыз ете алады, дейді жылу берушілер.

«Бір жағынан бұл мекемеге тиімді. Өзімізге тоқ өндіреміз, пайдаланамыз, жылу сапалы болады деп айта аламыз. Келешекте жыл он екі ай бойы ыстық су бірқалыпты беріледі деген мақсатпен жұмыстанып жатырмыз», — деп толықтырды Ә.Рубилов.

Өткен жылғы науқанда анықталған кемшіліктерді жою үшін, арнайы іс - шара жасақталып, жаз бойы бірқатар жұмыстар жасалды. Нақтырақ айтсақ, дербес қазандықтардағы сораптар толықтай жаңартылды. Алдағы жылу маусымында ешқандай олқылық болмау үшін бүгінде коммуналшылар құбырлардың дайындықтарын пысықтап жатыр.

В статье: