Электр қуаты қалдықтан да өндіріледі

Ұлт Жоспарының 52-ші қадамы электр энергетика саласына инвестиция тарту, жаңа тариф саясатына арналып отыр. Ақ Жайық өңірінде бұл мәселе сөз болғанда облыстың Зеленов ауданы аумағындағы қуаты 100 МВт болатын газтурбиналы электр стансасы ауызға бірінші болып оралады.

Өткен жылдың соңында Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде ашылған бұл өндіріс орны облысты сапалы қуат көзімен  қамтып, Ресей энергиясына тәуелділікті  жояды және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Телекөпір кезінде нысанды іске қосуға рұқсат берген Мемлекет басшысы бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.

«Газ-турбиналық электр стансасы таза энергетикаға жатады. Біз еліміздің батыс өңірін өзіміздің энергиямен қамтамасыз етудеміз және импорттан бас тартудамыз. Бұл нысанды іске қосыңыздар. Жұмыстарыңыздың табысты болуын тілеймін!» – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы.

2017-2019 жылдары толықтай жүзеге асыру көзделіп отырған аталмыш жоба сәтті іске асса, Орал өңірінде жұмыс істейтін  шағын кәсіпкерлер мен  ірі компаниялардың   электр қуатына жұмсайтын  шығыны азайып, тариф тұрақталады. Соған орай облыс әкімідігі, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ және бұл жобаны жүзеге асырып жатқан «Батыс Пауэр» ЖШС арасында меморандум жасалды.

«Батыс Пауэр» ЖШС бас директоры Жасұлан Жақыповтың айтуынша, аталған жобада электр энергиясын өндіру үшін «General Electric», «ABB», «Siemens» секілді әлемдегі алдыңғы қатарлы компаниялардың жабдықтары пайдаланылуда. Нысанның құны 92,5 млн. долларды құрап отыр.

Таяуда Орал қаласына финляндиялық компания келіп, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында электр қуатын өндіру бағытындағы жұмыстарын бастады. Нақтылап айтсақ, финляндиялық инвесторлар электр қуатын биогаздан өндірмекші. Ал биогаз негізінен метаннан тұрады. Шетелдік мамандар Орал қаласының шетіндегі 40 жыл болған полигонда метан қоры жеткілікті деп отыр. Қазіргі уақытта оның нақты қорын анықтау жұмыстары жүргізілуде. «Қоқым полигонына түскен тұрмыстық қалдықтарда 2-3 жылдан кейін аноэробтық реакция жүріп, оның құрамындағы биологиялық заттар жойылып, метан пайда болады. Соған байланысты жағымсыз иіс шығып, жаз айларында өрт болады, - дейді «Доранова» фин команиясының экспорт бойынша директоры Андрей Аверин. - Біздің компания арнайы технология арқылы жер астындағы газды сорып, полигон аумағында орнатылатын биогаз жинақтайтын құрылғыға құяды. Артынан жинақталған газ  экогенераторға түсіп, ол жерден электр қуат алынады. Жалпы Орал полигонынан  сағатына 1 МВт қуат көзін өндіруге мүмкіндік бар. Бұйыртса, бұл бағыттағы жұмыстарды келесі жылдың көктемінде бастамақпыз. 2014 жылы қабылданған Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес биогаздан өндірілген электр қуаты жасыл энергия болып саналады және сол тариф жүйесімен саттыққа шығарылады. Оны мемлекет әр киловатын 32 теңгеден сатып алады».

Сондай-ақ бұл жоба аясында полигон аумағы адам танымастай өзгереді. Яғни болашақта бұл жерде бұрын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болғанын көп ешкім білмеуі мүмкін. Андрей Авериннің айтуынша, бұрын Финляндия астанасының да шет жағында біраз жерді алып жатқан тұрмыстық қалдықтар полигоны болған. Осындай жобаның арқасында полигон аумағы қазір жасыл желекке бөленіп тұр. Тұрғындар онда гольф ойнайды. Бірақ олардың көбі бұрын бұл жерде тұрмыстық қалдықтар полигоны болғанын білмейтін көрінеді. Ол жерден әлі күнге дейін 16 МВт электр қуаты өндірілуде. Егер бұл жоба да сәтті жүзеге асса, көпшіліктің табаны тимейтін тұрмыстық қалдықтардың мекені болашақта оралдықтардың демалыс орындарының біріне айналуы мүмкін.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы