БҚО-да жаңартылған білім беру жүйесін кезең-кезеңмен енгізуде

Орал қаласындағы М. Ықсанов атындағы №36 орта мектеп пен Теректі ауданындағы Шаған орта мектебі он екі жылдық оқу бағдарламасы бойынша өткен оқу жылын сәтті аяқтады. Сөйтіп Ұлт жоспарының 76-қадамында баяндалған 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізуге, функциялық сауаттылықты дамытуға, мектептегі оқыту стандарттарын жаңартуға өз үлестерін қосты, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Ұлт жоспарының 76, 79, 89-қадамдарын және «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында облысымызда да жаңартылған білім беру жүйесін кезең-кезеңмен енгізуде. Биылғы оқу жылында облыстағы барлық 384 мектепте осы бағытта жұмыстар жүзеге асуда. 2016-2017 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнымен негізінен 1-сыныпта оқып жатқан 11467 оқушы қамтылып отыр.

«Он екі жылдық оқу үлгісінде 12-сынып деген болмайды, ол «0-сынып+11 сынып» формуласы бойынша ұйымдастырылады. Он екі жылдық білім беру кестесін енгізу 2019 жылғы қыркүйек айында басталмақшы. Ата-аналар 0-сы­ныпқа (мектепалды даярлық) бала­ны 5, не болмаса 6 жастан бастап беру­ге құқылы. «Білім туралы» заңға сәй­кес, бүгін­гі күні бұл норма қол­даныс­қа енг­ізілген. Сол себепті, бар­­лық бала мек­те­п­алды даярлық бағдар­ла­ма­сы­нан өтуі тиіс. 12 жылдық білім берудің негізгі мәні - 0-сыныптарға бірыңғай үлгілік білім беру бағдарламасын енгізу. Мек­тепалды даярлықтан өту мүмкіндігі білім беру мекемелерінің 0-сыныпты ашу дайындықтарына қарай мектептерде де, мектепке дейінгі мекемелерде де сақталады.

Енді үш тілде білім беру мәсе­лесіне келетін болсақ, бағдарламаға сәй­кес 2019 жылдан бастап тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, ин­фор­матика) ағылшын тілінде оқы­ты­лады. Дүние жүзі тарихы оқыту тіліне қарамастан орыс тілін­д­е оқытылады. Орыс тілінде оқыта­тын мектептердің жағдайы да осы шамада болады. Қалған сыныптарда бұрынғы база­лық принциптер өзгермейді», — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Темірғалиева.

Мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту үшін педагог кадрлардың біліктіліктерін арттыруға ерекше назар аударылып отыр. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның БҚО бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Елдос Сафуллиннің айтуынша, облыста 2012-2015 жылдары деңгейлік курстардан 1456 мұғалім өткен. 2014-2016 жылдары PISA, PIRLS, TIMSS қысқа мерзімді курстармен 1102 мұғалім қамтылды. Былтыр «Орта білім берудің мазмұнын жаңарту» басым бағытына сай қысқа мерзімді курстарға 250 мұғалім қатысты. Биыл ҚР орта білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы курстардан 1739 мұғалім өтті. Жаңа білім бағдарламасы құрмет, ынтымақтастық, ашықтық, қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік, еңбек және шығармашылық, өмір бойы білім алу тәрізді құндылықтарға негізделген. Сол себепті қазіргі кезеңде оқушының өз бетімен ізденуі оқу үдерісіне қойылатын басты талаптардың бірі болып табылады екен.

Ұлт Жоспарының 77-қадамында экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен ЖОО-да білікті кадрларды әзірлеу турасында айтылған. Сол он колледждің ішіне Батыс Қазақстан индустриалды колледжі де енді. «Кәсіпқор» АҚ мен Батыс Қазақстан индустриалды колледжі арасында ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Ол бойынша колледждің инженерлік-педагогикалық қызметкерлері Астана және Минск қалаларында біліктілігін арттырды. Колледж бен өңірдегі өндіріс орындар, нақтылап айтқанда, «Зенит» Орал зауыты» АҚ, «Стройкомбинат» ЖШС, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы келісім бекітілді. Сөйтіп бұл оқу орнының оқу жүйесі мен іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі ретінде ұсынылмақшы.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Батыс Қазақстан облысы