Маңғыстау облысың әкімі Алик Айдарбаев жұмыс сапарымен Жаңаөзен қаласына барды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Аймақ басшысы, жоспарға сәйкес жыл соңында пайдалануға берілу керек бірнеше нысанды аралап көрді. Олардың арасында - кіші жылу электр орталығы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және учаскелік полиция пунктінің ғимараты бар.
Жаңаөзен қаласын жылумен қамтып отырған «Өзен Жылу» мекемесі қайта құрылып, кеңейтілді. Республикалық бюджеттен 7 млрд теңге бөлініп, қазандықтар жаңартылды. Құрылғылар автоматты жүйеге көшірілді. Мекеменің өзі кіші электр орталығы қызметіне ауысты. Енді ол жылу бөліп қана қоймай, электр қуатын өндіреді.
Кіші электр орталығы - 245 тұрғын үйді, әлеуметтік маңызы бар нысандар және өндіріс орындарын қосымша жылумен қамтамасыз ете алады. Сапа артты, сондай-ақ жұмысшылар қатары да көбейді.
«Көктем шағын аудандағы №4 полицей учаскесі жаз мезгілінде толық жөндеуден өтті. Осы учаскеге қарасты 18,19- шы тұрғын үйлерге 29 бейне бақылау камерасы орнатылған. Бұл тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетіп отыр», — дейді «Өзенжылу» МКК қараушы-машинисі Исатай Нұрғазиев.
Қаладағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің іргесі 27 жыл бұрын қаланған. Мұнда спорттың барлық түрін қамтитын 16 секция жұмыс істейді. Дегенмен мектеп ішіндегі 508 шаршы метрлік үлкен хауыз 7 жылдан бері қаңырап тұрған болатын. Маусым айында қайта жаңарту жұмысы басталды. Ол үшін Республикалық бюджеттен 53 миллион теңге бөлінген.
Алик Айдарбаев жұмыс сапары барысында жастар аллеясына да барды. Аумағы 9000 шаршы метр. Ашық алаңды ел игілігіне жарату үшін 4000 шаршы метр қиық тас төселіп, 60-қа жуық жарық шам орнатылыпты. 50-ден астам орындық қойылған. Саябақтың сәнін келтіріп тұратын су бұрқақ та бар. Жоба құны - 36 миллион теңге. Бұл қаражат ел игілігіне жаратылды. Облыс әкімі әлеуметтік нысандардың қайта жаңғыртылуы заман талабы,-деп оң бағасын берді.