Жас теміржолшыларға теріс діни ағымдардың залалы түсіндірілді

Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан темір-жолы және көлік колледжінде оқитын студенттерге дәстүрлі емес діни ағымдардың залалы туралы семинар-дәріс өтті. Іс-шараны ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Кездесудің басты мақсаты – діни экстремистік, террористік және кері ағымдар мен секталардан жастарды сақтау.

Колледж студенттеріне аталған орталықтың мамандары – «Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыр және үйлестіру» бөлімінің маманы Ғ.Аппазов пен «Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу» бөлімінің маманы Б.Заманханов баяндама оқып, теріс діни ағымдарға қатысты нақты мысалдар келтірді.

«Ата-бабамыздың құндылықтарының қайнары – мұсылмандық! Бүгінде дінге жат әр түрлі өзге діндердің белең алуы және атам қазақтың ұстанған мұсылмандығының сунниттік көзқарасына жат бұрыс ағымдардың қауырт өсуі нәтижесінде халықтың өзара қайшылыққа түсуін кейбір сырт мемлекеттердің өз саясатына айналдырып отыр. «Бөліп ал да, билей бер» принципі. Сондықтан да, біз өзіміздің мемлекетімізді және халқымызды Құран рухына сай емес немесе мұқым-мүлде жат кереғар теріс ағымдардың арбауы мен тура жолдан тайдырар секталардың ықпалынан сақтандыруымыз қажет. Былайша айтқанда, барлық қалың жұртшылықты, әсіресе нұрлы болашағымызға алып барар жастарымызды кереғар теріс ағымдар мен секталарға қарсы тұрарлық ұлттық мәдени, рухани құндылықтарымызбен қаруландыруымыз ләзім», — деді Ғ.Аппазов кездесу барысында.

Іс-шара соңында студент жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап ала алды. Сондай-ақ, оларға дін мамандары арнайы тақырыптық видеороликтер көрсетіп, қандай ағымдардан аулақ жүру керектігін шегелеп түсіндіріп берді.