Мақтаралда Құран жарысы өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының орталығы саналатын Жетісай қаласында қасиетті Құран Кәрімді жатқа оқитын қарилар арасында сайыс өтті. Шараны аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған. Бұл туралы ОҚО орталық мешітінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Айтулы іс шара ауданның орталық мешіті саналатын «Нұғман» мешітінде өтті. Құран сайысына аудандағы мешіт жамағаттары мен жасөспірім шәкірттер қатысты. Басты мақсат – ислам дінін насихаттаумен қатар, жастарды рухани ілімге тәрбиелеу.

Сайыс екі бөліктен яғни, жарты пара жаттаған шəкірттер мен бір пара жаттаған ДСАК шəкірттерден тұрды.

Тəуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен осынау шараға Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Ыбырайұлы мен ішкі саясат бөлімі басшысы Пердеш Есенбеков қатысып, шəкірттердің Құран іліміне деген қызығушылығын байқады.

Жарысқа ауданның бас имамы Сыздықов Бекзат, Қанайұлы Көбей мешітінің имамы Хадыршаев Абдулхафиз жəне Имам Бухари мешітінің имамы Аймухамедов Мансұр төрешілік етіп, жеңімпаздарды анықтады.

Қасиетті Құран жарысы соңында жүлдегерлерді марапаттау рəсімі алдында Сыздықов Бекзат бұл жарыстың жүлделі орынға ие болу үшін емес, керісінше Құранға деген сүйіспеншілікті арттыру үшін, жаттаған Құран аяттарына амал ете білу үшін үйренуді алдыңғы мақсатқа қою, баса назарда ұстау керектігін қатысушы шəкірттер мен көрермендерге түсіндіріп кетті.

Жарыста жарты пара, бір пара бойынша қаржылай ынталандыру сыйлықтары жəнеде 1, 2, 3 орын иеленген шəкірттерге арнайы заттай құнды сыйлықтар табысталды. Бұл игі істер болашақта өз жалғасын табатын болады.