Құдайға шүкір, еліміз егемендігін алғалы етек-жеңімізді жиып, рухани дүниелеріміз түгенделуде. Ұлттығымыздың негізгі белгілері - дініміз бен діліміз, тіліміз қайта түлеп, жаңғыра бастады. Бұл ең әуелі Ұлы Жаратушы Алла тағаланың бізге деген сыйы деп ұғынуға тиіспіз.
Жалпы, ертеректегі ғұлама-ғалымдардың пайымдауынша, ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болу қажеттілігі айтылады. Олар: діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Сондай-ақ, әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі тағы бар.
Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды.
Қазақтың киелі топырағынан қаншама ғұламалар шықты. Аты әлемге мәшһүр, екінші ұстаз атанған әл-Фараби, ақын-шайыр, сопы Қожа Ахмет Иассауи, атақты ғалым Сүлеймен Бақырғани, т.б. Олар үлкен ғалым болумен қатар барлығы діннің аса білгір маманы да еді. Біз өскелең ұрпақ осындай ұлы адамдардың жерлесі болғандықтан, олардың атына кір келтірмеуге тиіспіз.
Жалпы, дін мен дәстүрдің өзара байланысы аса қажет. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен астасып жатыр деуге толық қақымыз бар. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі - шілдехана. Баланың дүниеге келуі - тек бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала - өмірдің қызығы. Атам қазақтан: «Балалы үй - базар, баласыз үй - мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан да, ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туылған нәрестеге арнап қой сойған.
Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді. Атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни, туылған нәрестенің амандығы және де жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол. Қалжаға «ақиқа» қойы ер балаға екі, не, бір қой соятын болған. Ал қыз балаға бір қой сойылған. Өйткені, ер бала қыз балаға қарағанда қомағайлау болатындықтан, ( анасын көбірек емеді) екі қой сойылатындығы айтылады. Сонымен қатар, бұл үрдіс жаңадан босанған әйелдің аяқ-қолын бауырына алып, ыстық сорпа ішіп, өзіне-өзі келу мақсатында жасалады. Мұндай қамқорлық ертеңгі күнгі баланың дұрыс өсіп, қалыптасуына және әйелдің денсаулығы мықты болуына тигізер әсері көп. Ата-бабаларымыз босанған әйелді 40 күн бойына жылы үйде ұстап, ерекше күтім жасаған. Асыл дініміз Исламда да әйел босанған уақыттан бастап, 40 күн бойы бірқатар жеңілдіктер берілген. Яғни, етеккірі кезінде намаз оқымайды, ораза ұстамайды, күйеуіне жақындаспайды. Тағы бір мәселе - ақиқаға сойылатын малдың үкімі жайында. Сойылатын қойдың барлық жағынан алғанда семіз әрі күтімді болуы тиіс.
Қазақтың ең үлкен дәстүрлерінің бірі - шілдехана тойы да Ислам дінімен тығыз байланысты. Бұл дәстүр жаңа туылған баланың туылғанына қырық күн толғанда жасалады. Осы тұста шілдехана сөзінің қайдан шыққандығына тоқтала кетсек. Шілдехана сөзі парсы тілінен енген. Шил - «40», хана - «той» деген мағынаны білдіреді. Яғни босанған әйелге 40 күн толған күні ел жұрт жиналып, үлкен той жасап, нәрестені бесікке салады. Діни тұрғыдан айтар болсақ, босанған әйелге 40 күн аяқталған соң намаз оқып, ораза тұтуы, қажылыққа баруы, Құран кітабын ұстауға, күйеуімен жақындасуына рұқсат етіледі. Біздің қазіргі қоғамда, әртүрлі діндер мен түрлі өркениеттер тоғысқан тұста мұндай елдік, діндік дәстүрлер толыққанды сақтала бермеуі мүмкін. Немесе дінді ұстанғансып, ділдік дәстүрлерімізден қалып қоятын жағдайларға жол беріліп жатады. Керісінше, салт-дәстүрлерді ұстандым деп, діни қайшылыққа да орын берілетін кездер аз емес.
Жалпы, жоғарыда айта өткендей, дәстүрдің дінімізбен, діліміз дәстүрімізбен өзара астасып жатса нұр үстіне нұр.
Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
ОҚО бойынша өкіл имам орынбасары