Дінтанушы: Арбаушылар – өте тәжірибелі психологтар

Діни экстремизм және терроризмнің алдын алу мақсатында және жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтау үшін бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында түсіндіру шаралары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Биылғы жаңа оқу жылы басталғалы бері ОҚО Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ 100-ден астам кездесу өткізіп үлгерген. Барлығы да жастармен.

Осынау кездесулер барысында салафилік-уахабилік идеологияның пайда болған тарихынан бастап, қазіргі сойқан әрекеттеріне дейін түрлі мысалдар арқылы айтылады және бейнероликтер де көрсетіледі. Сондай-ақ, жастарға осынау теріс ағымдардан қалай сақтанудың жолдары да үйретіліп келеді.

Баршаға мәлім, деструктивті діни ағымдар өз қатарларын жас әрі қайратты азаматтармен толықтырғанды жөн көреді. Ол үшін уағыздап, жастарды арбап алатын мамандар да даярланады. Дін өкілдерінің айтуынша, бұл уағызшылар – өте тәжірибелі психологтар көрінеді.

«Олар өз көкейлеріндегі жаман мақсат, жат пиғылға тезірек қол жеткізу үшін ең алдымен өмірде қиналып, шаршап жүрген адамдарды таңдап алады. Жұмыссыздық, отбасынан ажырағандық, ата-анамен түсініспеушілік, билікпен келіспеушілік олар үшін қармаққа түйрелетін «шылаушын» іспеттес. Сондай-ақ бүгінгі қоғамдағы түрлі жағдайларға көңілі толмайтындарды да торларына өте оңай түсіріп алады. Әділетсіздік дегенді көп айтады. Мемлекетте болып жатқан бүкіл кемшіліктерді жіпке тізіп айтып шығудан да тайынбайды. Олардың айтқан сөздеріне қарап болып жатқан жағдайды дұрыс бағалау қабілетінен де айырыласыз. Мысалы, біздің елде мұсылманның бес парызын орындауға барлық жағдай бар. Тек әр адам соның жолын тапса болғаны. Намаз оқуға да, ораза ұстауға да бүкіл мүмкіншілік жеткілікті. Ал енді соған қарамастан «Сенің еліңде анау жоқ, мынау жоқ» деп діннің негізіне жатпайтын істерді айтып шығады. Мысалы, биліктегілер Исламды білмейді, мемлекет кредитпен күн көреді, автоинспекция қызметкерлері пара алады деген секілді сөздерді үйіп төккені сонша – бұл мемлекет шынында да, күпірліктің батпағында тұншығып жатыр екен ғой деген ойға қаласың. Ал енді мәселеге сау ақылмен, ашық көзбен қарасақ, мәселе мүлдем ондай емес екенін көресіз. Барлық банк сені кредит алуға шақырып жатса да, сен оны алма! Біреу сені зорлап алдыра ма? МАИ қызметкерлері қанша пара сұраса да, сен оны берме! Жасаған кінәңді мойындап, айыппұлды заңды түрде кассаға апарып төле. Біреу сені пара беруге зорлай ала ма? Әрине, жоқ! Құлшылықтарың да сондай! Сен ретін тауып бүкіл күніңде немесе бүкіл түніңді Жаратқанға жалбарынып өткіземін десең де, саған ешкім қой демейді. Ендеше, өзіміздің тақуалықтан жұрдайлығымызды, еріншектігімізді, жалқаулығымызды ешкімнен көруге қақымыз жоқ. Барлық мәселе осында. Сен егер өз дініңді ешкімге зияныңды тигізбей ұстана алсаң, ешкім саған қой демейді.», — дейді белгілі дінтанушы-ғалым Асылбек Әуезханұлы «діндарлардың» арбаушылары жайында.