«Шымкент – Антитеррор - 2016» оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр

Бүгін Шымкенттегі Қаратау ауданының аумағында «Шымкент – Антитеррор - 2016» антитеррорлық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы басталды. Бұл туралы хабарлаған ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі жергілікті тұрғындардан түсіністікпен қарауды сұрап отыр.

Оқу-жаттығудың мақсаты – Оңтүстік Қазақстан облысының терроризммен күреске бағытталған жедел штабтарының, олардың жедел топтарының және арнайы функционалдық міндеттерді орындайтын арнайы бөлімдерінің үйлесімділігін жетілдіру, тәжірибелік дағдыларын жоғарылату және ең өзекті терроризм актілерінің жолын кесу кезінде жағдайды бағалау болып табылады.

Антитеррорлық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы барысында ескерту жүйесінің элементтері, жинау, жеткізу күштері сынақтан өтеді және терроризм актісі орын алған жерге жедел штаб күштері мен құралдары тексерілетін болады.

«Шымкент қаласының тұрғындарына өткізілетін оқу-жаттығу іс-шарасына түсіністікпен қарауды сұраймыз және келтірілген ыңғайсыздықтар бойынша кешірім сұраймыз», - делінген аталған хабарламада.

Айта кетейік, дәл осы күні полицейлер мен прокурорлардан және дін мамандарынан құралған топтар Шымкенттегі мектептер мен колледждерді аралап, жастар арасында түсіндіру шараларын жүргізді. Өйткені, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздейтіні осы жоғары сынып оқушылары мен студенттер.

Бұдан бөлек, ОҚО Дін басқармасы жанына құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ да жастардың жат ағымдар жетегінде кетпесі үшін күнделікті кездесулер өткізіп, баяндамалар оқиды. Мұндай жиындар тек оқу орындарында ғана емес, сонымен қатар, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда, мемлекеттік қызмет өкілдері арасында да жиі өткізіліп келеді.