ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі биылғы жылдың басынан бері 9 рет әлеуметтік зерттеу жүргізген. Басты мақсат – халық арасындағы діни және әлеуметтік проблемаларды анықтау болып табылады.
Бұл туралы кеше Түркістанда өткен «Дін – бірлікке бағыттайды» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының міндетін атқарушы Мәди Бесбаев мәлімдеді.
- ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің «Қоғамдағы дін мәселелерін зерттеу» бөлімі мамандарымен жыл басынан бері 15 аудан-қалаларда 9 тақырыпта дін мәселелеріне қатысты анықтау, херделеу мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Зерттеудің мақсаты – Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша дін мәселелеріне қатысты проблемалық жайттарды анықтау, өзекті мәселелер қатарын талдау. Зерттеу нысаны ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары алынды. Сонымен қатар, сайттарға, әлеуметтік желілердегі қауымдастықтарға, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын бейнематериалдарға күнделікті мониторинг жүргізілуде», - деп атап өтті М.Бесбаев атқарылған жұмыстарын тізбектей келе.
Оның айтуынша, аталған орталық мамандары жыл басынан бері аудан-қалаларда және шалғай ауылдарда 3 мыңнан астам кездесу өткізген. Олардың басым көпшілігі мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған.
Айта кетейік, кеше Түркістанда өткен «Дін – бірлікке бағыттайды» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға өткен болатын. Оған түркі тілдес бірнеше елдің дін ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысуда. Басты мақсат – түркі тілдес елдер арасындағы рухани қатынасты дамытып, діни экстремизмге бірлесе төтеп беру. Жиын барысында баяндамалар оқылып, пікірсайыстар өткізіледі деп жоспарлануда.