Қазақтың әрбір дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі ислам дінімен тығыз байланысты. Дәстүрді діннен бөліп қарауға болмайды дейді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы орынбасары Мұхамеджан Естеміров. Мұндай пікірін ол бүгін Түркістанда өтіп жатқан «Дін бірлікке бағыттайды» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтты.
- Дін мен дәстүрдің өзара байланысы аса қажет. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, әрбір іс-әрекеті исламмен астасып жатыр деуге толық хақымыз бар. Мәселен қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі тек бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан, ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туылған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал, қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді.атаулары бөлек болғанымен,негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни, туылған нәрестенің амандығы және жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол», - дейді имам орынбасары.
Ол сонымен қатар, баланың қырқынан шығуы, шілдехана тойдың жасалуы, ер баланың сүндеттелуі, атқа отыруы сынды дәстүрлердің барлығы да ислам дінінен алынғанын айтып отыр.
Айта кетейік, бүгінгі конференция барысында М.Естеміров дәстүрлі емес діни ағымдардың сапында жүріп, қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығаратын «адасушыларды» сынға алған болатын. Имам сәләфи-уахабилік ағым ұстанушыларына қазақ жерінен шыққан дін ғұламаларының атына кір келтірмеуді бұйырды.
Айта кетейік, конференция жұмысы әлі жалғасып жатыр. Отандық және шетелдік ғалымдар ислам дінінің артықшылықтары мен діндегі дағдарыс жайында пікір алмасуда.