Уахабилік ағымның пайда болуы мен ерекшеліктері

Уахабилік атауының ең алғашқы идеялық тұрғыдан қалыптасу уақытын әдебиеттерде хижри жыл санауы бойынша VIII ғасыр деп көрсетеді. Бұл ағымның бастау алуына Ибн Тәймияның Ахлус суннаға өздігінен жасаған пікірлері себеп болды. XII ғасырдан бастап Мұхаммед ибн Абдул Уахабтың күш салуының арқасында бұл ағым өз жақтастарының қатарын ұлғайта бастады. Жақтастарының ең алғашқылары көшпелі бәдәуилер болды. Қазіргі уақытта кез келген мұсылман қауымдарының арасында бұл ағысды қабылдағандар өте көп. Уахабилік ағымын жақтаушылардың мұсылмандардан өз ойларынша айырмашылығы – мұсылмандардың сенімдерін айыптап, тек өз сенімдерін ғана дұрыс деп тануы.

Фундаменталистер 3-4 ғасыр бұрынғы исламды да емес, мүлде ары, 14 ғасыр бұрынғы пайғамбар мен халифтер заманын аңсайды. Негізгі белгілері: исламды «бидғаттан» тазартуға ұмтылады, яғни көптеген ұлттық салт-дәстүрлерді жоққа шығарады. Оның ішінде, әулиелерді құрметтеуді, басына зиярат етуді, Алланы еске алуды терістейді, қоғам өмірін реттейтін ережелер тек қана Құран мен сүннет деп біледі, зайырлы заңдардың бәрін харам деп жариялайды, мәзхабтарды мойындамайды және жиһадты мұсылмандардың ең қасиетті міндеті деп біледі, соғысты тек «кәпірлерге» ғана емес, кейбір «дінбұзар» мұсылмандарға да жариялайды.

Сыртқы ерекшеліктері: ер адамдары міндетті түрде сақал қояды, әйелдерге діни киім кигізеді, кейде пәрәнжі, ниқаб жабады.

Исламдағы бұл саяси қозғалысты ислам елдерінде «салафизм», ал, батыс елдерінде «радикализм» деп атайды. Ал, «салафизм» бұрынғы КСРО территориясында «уахабилік» деген атпен белгілі болды. Осы ағымның тарих сахнасына шығуына себеп болған адам ең алғаш Мұхаммед ибн Абдул-Уахаб болды.

Уахабилік идеясы бойынша кез-келген қоғамда шариғат билігінен басқа билік болмауы керек. Теократияның ханбалиттер, шафиғилер, мәликилер мәзхабына тән екені белгілі. Әбу Ханифа мәзхабында Х ғасырға дейін дін адамдарына саясатқа араласуға тыйым салынып келді. Одан кейін де Орта Азияда, әсіресе Қазақ хандығында дін билікке араласа алмады. Бқл Ханифа мәзхабының ерекшелігі еді. Біздің тағы бір ескерер тұсымыз – салафизм мен уахабизмнің арасында айырмашылық жоқ. Тек салафиттер деп фундаменталистерді айтса, уахабиттер деп салафиттер идеяларына сүйеніп, өз ағымын жасаған жаңа радикалдарды айтады.уахабилердің негізін қалаушы Абдул-Уахаб салафизм өкілдерінің бірі Ибн Тәймияның ізбасары еді.

Абдул-Уахаб әулиелердің басына бару күнә, пайғамбардың қабіріне тәуәп ету күнә, жалпы сопылықтың өзі күпірлік деген өзінің идеяларын осы Ибн Тәимияның еңбектерінен алған. Оның идеяларын дамытқан Абдул-Уахаб «кәпірлерді өлтіру – жақсылық және бұл мұсылман адамның дін үшін жасай алатын жақсылықтарының ішіндегі ең үлкені, әмбе жәннатқа тура апаратын зор құрбандық» деп түсіндірді. Әл-Уахабтың бұл идеясы қазір террористік ұйымдардың өз әрекеттерін негіздейтін басты дәйегі болып отыр. Дегенмен, қазір Парсы шығанағында, Үндістанда, Индонезияда, Шығыс және Солтүстік Африкада, Ауғанстанда, ьұрынғы КСРО елдерінде миллиондаған қарапайым азаматтар уахабилік ағымын ұстанады. Бұлардың террорлық әрекеттерге қатысы жоқ. Олар өздерін уахабилік ағым өкілдеріміз деп санамайды да. Бірақ, ең қауіптісі, осы адамдардың қолдауын терроршылар сезеді және олардың көптігін арқаланады.

Ербосын ОРЫН,

дінтанушы, ОҚО