Экстремизмге бiрлесiп қарсы тұру – үкiметтiк емес ұйымдардың жұмысындағы басым бағыттарға айналуы тиiс

Кеше Шәмшi Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда ОҚО әкімі Жансейiт Түймебаевтың қатысуымен облыстағы үкiметтiк емес ұйымдардың VII Азаматтық форумы өттi. Азаматтық Альянс мүшелерi, қоғамдық бiрлестiктер мен үкiметтiк емес ұйым мүшелерi қатысқан жиында өңiрдегi азаматтық қоғам институттарының даму мәселелерi талқыланды.

– Бүгiнде үкiметтiк емес сектор қоғамдағы өзектi әлеуметтiк мәселелердi шешуде мемлекеттiк органдардың сенiмдi серiктесiне айналды. Қоғамдық ұйымдардың белсендi қызметiнiң нәтижесiнде әлеуметтiк тұрғыда әлжуаз топтардың мүдделерi ескерiлiп, оларға жан-жақты қолдау көрсетiлiп келедi. Халықтың азаматтық белсендiлiгiн, ақпараттық және құқықтық сауаттылығын арттыруда, сондай-ақ, қоғамды одан әрi демократияландыруда Сiздердiң рөлдерiңiздiң айрықша екенi мәлiм, – дедi облыс әкiмi.

Бүгiнде барлық дерлiк мемлекеттiк құрылымдар белгiлi бiр мәселелер жөнiнде үкiметтiк емес ұйымдармен әрiптестiк қатынас орнатқан. Бес облыстық басқарма жекелеген әлеуметтiк жобаларды қаржыландырады. Сондай-ақ, осындай жұмыстарды барлық қалалар мен аудан әкiмдiктерi де жүргiзедi. Бұл бағыттағы жұмыстың ауқымын көрсету үшiн төмендегi көрсеткiштi айтсақ та жеткiлiктi. Егер 2006 жылы облыстық бюджеттен мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты орындауға 6 миллион теңге бөлiнген болса, бүгiнде бұл мақсатқа 500 миллионнан астам теңге қаралған.

Өңiр басшысы үкiметтiк емес сектордың қызметiне қатысты кейбiр проблемалармен де таныс екенiн жеткiздi. Мәселен, облыста 500-ден астам үкiметтiк емес ұйым тiркелгенiмен, iс жүзiнде 40-50-i ғана нақты жұмыс iстеп жатыр, қалғаны бос статистика. Соған қарамастан бюрократиялық қиындықтарға байланысты оларды тiркеуден шығару мүмкiн болмай отыр.

Сондай-ақ, бiрқатар жобалардың мерзiмi мен қаржыландыру көлемi тым аз, бұл өз кезегiнде сапалы қызмет көрсетуге, бiлiктi мамандарды тартуға және ұйымды одан әрi дамытуға қолбайлау болып отыр.

Сонымен қатар бiр реттiк жобаларды жүзеге асырып, тек пайда табуды көздейтiн, не тәжiрибесi, не бiлiктi кадрлары жоқ үкiметтiк емес ұйымдар да баршылық. Әкiм республикалық форумға баратын делегация өкiлдерiне осы және өзге де проблемаларды көтерiп, талқылап, өз ұсыныстары мен ой-пiкiрлерiн ортаға салуды тапсырды. Әйтпесе бұл проблемалардың өздiгiнен шешiлуi екiталай. Ал, өз тарапынан облыс деңгейiндегi проблемаларды шешуге күш салатынын мәлiмдедi.

– Өңiрдегi қоғамдық-саяси тұрақтылық пен толеранттылықты нығайта түсу, халықты, оның iшiнде әлеуметтiк әлжуаз топтарды әлеуметтiк тұрғыда қорғау, жастардың бойында ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетi мен патриотизмдi қалыптастыру және экстремизм мен терроризмге бiрлесiп қарсы тұру – үкiметтiк емес ұйымдардың жұмысындағы басым бағыттарға айналуы тиiс. Аталған бағыттардың барлығы мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысқа бюджеттен қаржы бөлу кезiнде ескерiледi, – дедi облыс әкiмi.

Форумда ОҚО Азаматтық Альянсының төрағасы Ш.Жамалбек, «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қайырымдылық қорының президентi Ж.Жазықбаева, «Береке» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрайымы Р.Абдуллаева, «Сана Сезiм» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының төрайымы Х.Әбiшева және Шымкент қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы В.Торопов өздерi жетекшiлiк ететiн ұйымдардың қызметi туралы әңгiмелеп, үкiметтiк емес секторды одан әрi дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Форумда облыс әкiмi нәтижелi жұмыс iстеп, қоғам дамуына еңбек сiңiрген бiрқатар үкiметтiк емес ұйымдардың жетекшiлерiн марапаттады. Сондай-ақ, форум аясында қоғамдық ұйымдардың жетiстiктерi мен жүзеге асқан әлеуметтiк жобалар көрiнiс тапқан көрме ұйымдастырылды.