Республикалық ақпараттық-түсiндiру тобы Шымкентке келді

Шымкент қаласындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжiнiң мәжiлiс залында елiмiздегi дiн саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған жиын өттi. Жиынға ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi «Дiн мәселелерiн зерттеу және талдау орталығының» директоры, республикалық ақпараттық-түсiндiру тобының мүшесi Айнұр Әбдiрәсiлқызы мен облыстық дiн iстерi басқармасының басшысы Б.Жалмұрзаев қатысты.

– Дiн – өте күрделi ұғым. Сонда да бүгiнде осы тақырыпта сөз қозғайтынтар көбейдi. Бiрi теология тұрғысынан келсе, бiрi экстремизм, терроризмдi тақырыпқа тұздық етiп алады. Ал, мектептер мен жоғары оқу орындарында көбiне хиджап кию, екпе, яғни вакцинадан бас тарту мәселелерi қозғалады. Әрине, бiз осы салада еңбек етiп, дiн саласындағы кейбiр қиындықтарды тереңiрек зерттегендiктен бiлгенiмiздi айтуымыз керек. Дiн мәселесiнде әркiмдi мазалайтын сұрақ болары сөзсiз. Сондықтан сiздердi ашық пiкiр алмасуға шақырамыз, – дедi Айнұр Әбдiрәсiлқызы.

Студенттер мен оқытушылар өздерiн мазалаған көкейдегi сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сондай-ақ, дiни экстремизмнiң алдын алу үшiн жоғары оқу орындарында дiнтану сабағы жүргiзiлсе, дiн мамандары тұрақты түрде дәрiс оқыса деген ұсыныстарын да айтты.

Мұндай кездесу Шымкент қаласындағы ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы мен облыстық жасөспiрiмдер кiтапханасында өткiзiлiп, Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтында жалғасын тапты.

Айта кетейік, бейресми деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облсының аумағында дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткендер саны 3 мың адамға жетіп жығылады екен. Бүгінде олармен түсіндіру жұмыстарын «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ мамандары мен ҚМДБ-нің облыстағы өкілдігі айналысып келеді.