Жастарды жат ағымдардан қалай сақтаймыз?

Ата-аналар баланың діни ағымдардың жетегінде кеткенін қалай ерте ағара алады? Жалпы, жастарымызды жат ағымдардан қалай сақтауымыз керек. Бұл сауалдың жауабын «Нұрлы бiлiм» деструктивтi ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы төрағасының орынбасары Рүстем Сыздықовтан сұрап білдік. Дін маманы күні кеше ОҚО-ға келген республикалық ақпараттық насихат тобының құрамында мүше екенін айта кетейік.

Оның айтуынша, қандай да бір теріс діни ағымға еніп кеткен баланың ең алдымен сөзі өзгереді екен. Яғни, балаңы уағыз айтып, діни тақырыптарды жиі көтере бастаса – бұл алғашқы дабыл деп түсіну қажет.

– Баланың мiнез-құлқының ғана емес, сырт келбетiнiң де өзгере бастауына көңiл аударып отыру қажет. Дiни мағынадағы жаңа сөздер айта бастаса назар аударған жөн. Негiзi, мағынасы жаман болмаса да, бiр сөздердi жиi қайталаса, аса жақсы емес. Сақал өсiрiп, шалбарының балағын шолтитып, қара киiм киюге әуестене бастауы мүмкiн. Дәстүрлi Ислам дiнi мен қазақтың ұлттық дағдысына сай, мiнәжаттан соң немесе ас қайырғанда бет сипамай қояды. «Теледидар көру – һарам iс, яғни күнә; қазiргi оқу мекемелерiнде (жалпы бiлiм беретiн, орта және жоғары оқу орындарында) оқуға болмайды, олар кәпiрдiң оқуы» деген сияқты әңгiмелер айта бастайды. Мұның бәрi баланың жақындары үшiн белгi болуы керек, бұл оның «мен радикал болып барам, ұлттық, моральдық, дiни дәстүрлер ендi маған жат!» деген жаңа көзқарасының айғақтары. Ал, осының бәрiне себеп – оның жақындары да дәстүрлi дiннiң негiздерiнен бейхабар. Радикалдық экстремистiк ағымдарға керегi де осы. Абайдың мұрасын бiлмеу, қазақтың алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсариндi, дiни сенiм мәселесiнде Мәшһүр Жүсiп Көпеевтi, Шәкәрiм Құдайбердiұлын, Мiржақып Дулатовты, тағы да сол секiлдi ұлтымыздың ұлы тұлғаларын танымау, өз халқының ұлттық дiни-мәдени құндылықтарын бiлмеудiң ақыры осындай қасiретке апарып ұрындырады. «Бiлiмдiге дүние жарық, бiлiмсiздiң күнi кәрiп» деген сол. Басқа жол жоқ. Қазақтың маңдайалды зиялылары да бiлген негiзгi дiни қағидаларды бiлуiмiз керек, олай болмаса, балаларымыз ертең дiни мәңгүртке айналады. Сондықтан ата-аналар өз балаларының қандай дiни ақпаратты қайдан және кiмнен алып жүргенiн байқауы керек. Олар ақпаратты ғаламтордан немесе баспа өнiмi түрiнде (кiтаптар, шағын кiтапшалар, газет-журналдар, т.б.) алуы мүмкiн, - дейді Р.Сыздықов.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы басталысымен облыс аумағындағы оқу орындарының барлығында дерлік дін мамандары оқушылармен кездесулер өткізіп, деструктивті діни ағымдардың залалы туралы семинарлар өтіп жүр.