«Ислам мемлекетінде» мықты арбаушылар жұмыс істейді – М.Бесбаев

Бейресми мәліметтерге сенсек, Қазақстаннан Сирияға соғысқа аттанғандар саны 400-500 адамды құрайды екен. Олар жалғыз кетпей, отбасыларын ерте кеткен. ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директоры міндетін атқарушы Мәди Бесбаевтың айтуынша, ДАИШ қатарында өте білікті арбаушылар жұмыс істейді. Біздің отандастарымыздың Таяу Шығысқа асуында сол арбаушылардың еңбегі зор екен.

Айта кетейік, дін мамандарының есебінше, Қазақстанда жат ағымның жетегінде кеткендердің саны 15-16 мың адам шамасында. Олардың үш мыңдайы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Бүгінде сол азаматтармен теологтар да, қауіпсіздік қызметінің мамандары да түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өйткені, дәл осы азаматтар радикализмге бейім болады.

– Жалпы, мынау араб елдерінде болып жатқан оқиғалар мен саяси ойындарға біздің азаматтар да қатысуда. Қатысқанда да олар адасушылықпен барғандар. Екіншіден, дәстүрлі емес ағымдар ол христиандық болсын, исламдық болсын көбінесе адамдарды өзіне тартуда психологиялық әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Яғни мықты арбаушылар гипноз тәсілімен «сен жәннатқа барасың, нағыз мұсылман біздерміз, олар адасушылар» деп әбден санасына құйып дайындайды. Әрі әлеуметтік желілер арқылы да тартады. Сөйтіп, қияли «жаннатқа түсемін» немесе «мен Ислам халифатында өмір сүремін, нағыз шариғат жолымен жүремін» деп адасып, сол жаққа барып, нәтижесінде опық жеп жатқандар қаншама. Ал, шын мәнінде ИШИМ (Ирак Шам Ислам мемлекеті) атаумен құрылған әлем мойындамайтын өзінше бір мемлекет. Бұлардың ұстанымы шынайы исламға қайшы. Неге десеңіз, бұлардың жолымен жүрмеген адамдарды қыру керек, жою керек деген қағиданы ұстанады. Ал Ислам сөзінің мағынасының өзі бейбітшілік. Ал бұлар керісінше дінді құбыжық қылып көрсеткісі келеді. Бұл ұйымның артында үлкен алпауыт мемлекеттер жатыр. Бұл жерде — дінмен күресу саясаты ұстанған. Жаңағы керағар дәстүрлі емес діни ағымдар да дін емес, олар саяси немесе коммерциялық ұйымдар. Дінді саяси құралы ретінде пайдаланып, дін арқылы байығысы келетіндер. Оларда Отан, дәстүр, ұлт деген ұғым жоқ. Зомби болды, бітті. Ислам атын жамылған болсын, христиан болсын зомбиланған адамның үстіне жарылғыш заттарды асып, жарылыс ұйымдастырады. Оларды керемет пайдаланады. Дін деген өте нәзік мәселе. Дінін сату – ол ұлттық болмысынан ажырау, - дейді ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының міндетін атқарушы М.Бесбаев.