«Авиценна» студенттері «Дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында дәріс алды

ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ Шымкенттегі «Авиценна» коллджінде студенттердің дін мамандарымен кездесуін ұйымдастырды. Басты мақсат – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу.

Кездесуге қатысқан аталған орталықтың бөлім маманы М.Мұстафаев жастарға кереғар діни ағымдардың әлем халқына тигізіп отырған зауалы жөнінде айтып, арнайы әзірленген видеоролиітер көрсетті.

Салтымызбен дәстүрімізді сақтап, дамытудың орнына, неге қазақ даласындағы кей жастар басқаларға еліктейді? Неге басқаның айтқанына көніп, өзгелердің сөзіне ереді? Жат ағымның арбауына түспеу үшін діни білімді немесе дін саласындағы мағлұматтарды кімнен және қайдан алған дұрыс?

Дәл осы сұрақтар төңірегінде өрбіген әңгіме барысында дін маманы жастармен пікір алмасып, адасушылардың сектанттар тұзағына қалай түсетінін айтып берді. Сондай-ақ, «Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығы» МКМ теолог-мамандары қоғамға бүлік салатын діни теріс ағымдардың зиянын, олардың шығу тарихына, діни тұрғыда қателіктері жайында кеңінен тоқталып, баяндама жасады. 

Дін бүгінгі таңда күрделі мәселеге айналғаны баршамызға белгілі. Колледж студенттерімен кездесуде дін саласына қатысты сауалдар туындаған жағдайда толық зерттеп, зерделеп білу үшін сенім телефондарына қоңырау шалып немесе діни басқарманың теологтары мен мешіт имамдарынан кеңес алу керектігі ескертілді. Кездесу соңында студенттерге «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің тарапынан «Исламдағы бала тәрбиесі және діни бүліктер» атты кітапша таратылды.

Айта кетейік, ОҚО дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ жыл басынан облыс аумағында 3 мыңнан түрлі дәрежедегі кездесулер өткізген. Олардың басым бөлігі мектептер мен колледждерде және жоғары оқу орындарында өтті. Сондай-ақ, орталық мамандары түзеу мекемелеріне барып, сотталған азаматтарға да дәріс оқыған.